Қасым-Жомарт Тоқаев мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін көтерді
Жарияланған күні:
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық мекемелерде көмек көрсетуге қатысты мәселені талқыға алды деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы.
Президенттің бұл бағытта нақты тапсырма бергенін Ақорда өзінің Twitter парақшасында жария етті.
"Келесі маңызды мәселе – мүмкіндігі шектеулі адамдарға барынша қолайлы жағдай жасау. Ең алдымен, барлық санаттағы мүгедектікті анықтау рәсімдерін түбегейлі жеңілдету керек. Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын", - деп өзекті мәселені көтерді президент.
Тоқаев осы тұрғыда жұмыс тәсілін өзгерту қажеттігін алға тартты.
"Олар онсыз да белгілі нәрсені дәлелдеу үшін түрлі кеңсенің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Цифрлық технологиялар мен автоматтандыру дәуірінде мұндайға жол беруге болмайды. Сондықтан, жұмыс тәсілін дереу өзгерту қажет", - деді ол.
Президент министрліктерге оңтайлы жүйе жасау керектігін ескертті.
"Бірыңғай ақпараттық қор (база) құрып, жұртқа ыңғайлы әрі жұмыс істеуге оңтайлы жүйені неге жасамасқа? Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпараттық жүйелерін біріктіру керек. Бұл жұмысты жеделдету қажет", - дейді Тоқаев.
Мемлекет басшысы азматтарға қызметті бір жерден алуға жағдай жасау керектігін айтып, нақты тапсырма берді.
"Азаматтар өздеріне қажетті қызметтің барлығын бір ғана медициналық мекемеден алуға тиіс. Осы жобаны биылғы 1 шілдеден бастап сынақ ретінде, ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап толыққанды жүзеге асыруды тапсырамын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1900793-qasym-zomart-toqaev-mumkindigi-sekteuli-zandardyn-maselesin-koterdi/