Қытай, Армения, Иран, Израиль мен тағы бірнеше елдің президенті Тоқаевты Наурызбен құттықтады
Жарияланған күні:
Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Наурыз мерекесіне орай шет мемлекеттердің басшыларынан және халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттар мен жеделхаттар келіп түсуде деп хабарлайды Ақорда.
ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин өзінің құттықтау жеделхатында Қытай мен Қазақстан ынтымақтастықтың әртүрлі саласында табысты нәтижелерге қол жеткізгенін және бұл екі мемлекеттің халықтарына зор пайда әкелгенін жазған. Сондай-ақ Си Цзиньпин келесі жылы екі ел де өзара орнатқан дипломатиялық қатынастарының 30 жылдығын атап өтетініне тоқталып, қытай-қазақ қатынастарын жаңа деңгейге көтеру мақсатында стратегиялық сабақтастықты одан әрі қолдап, тереңдетудің маңызды екенін айтқан. «Мен қытай-қазақ қатынастарын дамытуға баса мән беремін. Сізбен бірге Қытай мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достықты нығайтып, екі елмен оның халықтарының игілігі жолындағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдету үшін күш жұмылдыруға дайынмын», – делінген ҚХР Төрағасының жеделхатында.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев құттықтау хатында екі ел алдағы уақытта Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тұрақты дамып келе жатқан өзара стратегиялық серіктестікті кеңейте алатынына және достас екі халыққа ортақ мүддені көздейтін өте жақсы нәтижелерге қол жеткізетініне сенім білдірген.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы бауырластық қатынастар мен өзара тиімді ынтымақтастықтың тату көршілік, стратегиялық серіктестік пен одақтастық негізінде екі халықтың мүдделерін көздей отырып, одан әрі нығаятыны және дамитыны жөнінде жазған.
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон өз құттықтауында екі мемлекет арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа бағытталған қарым-қатынастар қастерлі Наурыздың мәңгілік дәстүрі негізінде қарыштап дамып, кеңейіп, жаңа мән-мазмұнмен тереңдей беретініне сенім білдірген.
Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов жеделхатында Қасым-Жомарт Тоқаевқа және бауырлас Қазақстан халқына бақыт, шаттық және жаңа табыс тілеген.
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің жолдаған құттықтау хатында Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастар Наурыз құндылықтарын өте қатты қастерлейтін халықтарымыздың ерік-жігерінің арқасында кеңейіп, нығая береді деп сенемін делінген.
Армения Президенті Армен Саркисян берік достық пен өзара түсіністікке негізделген Армения мен Қазақстанның жан-жақты қатынастары дәйекті түрде одан әрі дами беретініне сенім білдірген.
Иран Президенті Хасан Рухани өзінің жеделхатында Наурыз екі мемлекеттің халықтары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, әлемнің барлық еліне қуаныш, игілік, тыныштық әкеледі деп үміттенетінін айтқан.
Израиль Президенті Реувен Ривлиннің жеделхатында Наурыз бен Пасха мерекелерін тойлау сияқты бабаларымыздың ежелгі дәстүрлері екі елді жақындастырады және екіжақты қарым-қатынастарды нығайтудың берік негізі болады деп жазылған.
Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани Наурыз мерекесімен құттықтай отырып, достық қатынастарды, бірлік пен экономикалық өсімді қолдауға бағытталған ірі аймақтық бағдарламалар мен жобалар аясындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін нақтылаған.
Палестина Президенті Махмуд Аббас Қасым-Жомарт Тоқаевқа зор денсаулық, бақыт тілеп, бауырлас Қазақстан халқының берекесі артып, өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірген.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Владимир Норовтың жеделхатында күн мен түн теңелетін көктем мерекесінің адам мен табиғат арасындағы өзара үйлесімге ықпал етіп, достық пен ынтымақтастықтың алтын көпірі болатыны, сондай-ақ, мәдениеттер мен өркениеттер диалогын байытып, дамытатыны, қауіпсіз әрі гүлденген болашақ қалыптастыруға септігін тигізетіні, оның «Шанхай рухы» қағидаттарына толық сай келетіні айтылған.
Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Бас хатшысы Станислав Зась Қазақстанның ҰҚШҰ аясындағы одақтастық іс-қимылдар механизмін нығайтуға, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекеттердің халықаралық және өңірлік алаңдардағы күш-жігерін үйлестіруге қосқан елеулі үлесін атап өткен.
ТМД Дінаралық кеңесінің Теңтөрағасы Кавказ мұсылмандары басқармасының Төрағасы Шейх-уль-ислам Аллахшүкір Паша-Заденің жеделхатында Наурыз мерекесі Алла Тағаланың бізге берген нығметі және табиғат пен тіршіліктің қайта түлеп, көктемгі күн мен түннің теңелетін қуанышты сәті екені айтылған. Сонымен қатар ол әрбір отбасына бейбітшілік, құт-береке тілеп, барша Қазақстан халқының өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білдірген.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1904276-qytai-armeniya-iran-izrail-men-tagy-birnese-eldin-prezidenti-toqaevty-nauryzben-quttyqtady/