Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің жұмысына жаңашылдық енгізіледі
Жарияланған күні:
Елімізде мемлекеттік қызметшілердің жұмысына жаңашылдық енгізілмек. Енді олар келісімшарт бойынша жұмыс істей алады. Жобаның бағытына байланысты әр саладан мамандар тартылады деп хабарлайды "Хабар 24" арнасы.
"Кез келген мемлекеттік органда жүзеге асырылатын нақты жоба бар. Ол үшін саланы білетін маман қажет. Мемлекеттік қызметкерлер арасында мұндай адамдар әрдайым бола бермейді, сондықтан бұл адамдар келісімшарт бойынша жалданады. Оларға жобаға сәйкес бөлек жалақы қойылады. Жоба жүзеге асырылғанға дейін жұмыс істейді", – дейді мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жаилғанова.
Мамандар бүгінде мемлекеттік қызметшілерге үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп, мейілінше жағдай жасалған дейді. Тек жұмысыңа адал, антыңа берік болсаң болғаны.
Мәселен пилоттық жоба ретінде елордада олардың жұмыс орны еуропалық стильге өзгертілді. Кеңседе кітапхана, кофехана ашылып, жеке заттарға арналған заманауи сөрелер қойылған. Қызметкерлердің белгіленген жұмыс орны жоқ. Олар кеңседегі өзіне ыңғайлы кез келген жерге отыра алады. Тіпті, ол үшін қабырғаның түсі де ерекше таңдалған. Мұндай жаңашылдықтың мақсаты – ұжымның жұмысқа деген ынтасын арттыру.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент директоры Азамат Жолмановтың айтуынша, мемлекеттік қызметші "басты міндет – елге қызмет" қағидасын қатаң ұстануы шарт. Сонда ғана халықтың сенімі артатыны сөзсіз.
"Қиындығы да, кемшілігі де бір шығар. Бұл – халық алдындағы жауапкершілік. Мемлекеттік қызметші ретінде сен өз жұмысыңда біріншіден, халықтың игілігін ойлау керексің. Сондықтан біз өз жұмысымызды қатаң түрде бақылау керекпіз. Біз дайындайтын заңдарды, біз дайындайтын тест сұрақтарын, біз дайындайтын қағидаларды мұқият тексеру керекпіз", – Азамат Жолманов.
Бүгінгі таңда елімізде 90 мыңға жуық мемлекеттік қызметші еңбек етіп жүр. Бірақ мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елдегі шенеуніктер саны 25%-ке қысқаруы тиіс.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1918978-qazaqstanda-memlekettik-qyzmetsilerdin-zumysynda-zanasyldyq-engiziledi/