Кабулден Алматыға эвакуацияланған БҰҰ қызметкерлерінің видеосы жарияланды
Жарияланған күні:
18 тамызда Алматы қаласының әуежайына Ауғанстан елінен тағы бір борт келіп қонды. Ресейлік ұшақта Біріккен Ұлттар Ұйымының 140 қызметкері болды. Олар Ауғанстандағы ахуал реттелгенше өз жұмысын қашықтан жүргізбек.
"Хабар 24" мәліметінше, жағдай ушыққанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстаннан көмек сұрап, қызметкерлерін уақытша Қазақстан аумағында орналастыруды өтінген.
Олардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ. Ел президенті халықаралық ұйымға қолдау көрсетуді жөн көрген. Бірақ олардың шығынын Біріккен Ұлттары Ұйымының өзі көтереді.
"Біріккен Ұлттар Ұйымы Қазақстанда бірнеше ай бойы жұмыс істейді. Олардың арасында АҚШ, Канада, Шри-Ланка, Африка елдерінің азаматтары бар. Президентіміз олардың қызметіне қолдау көрсетуді тапсырды. Ал, еліміздің Ауғанстандағы елшілігі өз жұмысын жалғастырып жатыр. Ол жақта бірнеше қазақ отбасы бар. Олармен үзбей байланыс орнатып отырмыз. Барлық қажетті шараны жүзеге асырамыз", - дейді Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин.
Осы ретте Біріккен ұлттар ұйымының Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Микаэлла Фрибер-Стори әріптестерін қабылдаған Қазақстан үкіметінің қолдауына үлкен алғысын білдірді.
"Біздің бұл қызметкерлер әлемнің әртүрлі мемлекеттерінің, оның ішінде еуропалық және Солтүстік Америка және басқа аймақтағы елдердің азаматтары. Әріптестеріміз осы Алматыда отырып, Ауғанстанға көмек көрсету бағытында жұмысын жүргізе бермек. Бірақ мынаны нақты айтқым келеді: Біріккен Ұлттар Ұйымы осы сындарлы кезеңде Ауғанстаннан кетпейді, біраз бөлігі сол жақта қалып, гуманитарлық көмекке мұқтаж миллиондаған ауған азаматына көмек көрсету ісін жалғастырады", - деді Микаэла Фриберг-Стори.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1927918-kabulden-almatyga-evakuaciyalangan-buu-qyzmetkerlerinin-videosy-zariyalandy/