Айгүл Орынбек министрден әскери салада тендер ұтқандардың атын ашық айтуды талап етті
Жарияланған күні:
Айгүл Орынбек Қорғаныс министрі Ермекбаевқа әскери салада тендер ұтқандардың атын ашып айтуды талап етті. Заңгер Жамбылдағы жарылысқа байланысты Қорғаныс министрі отставкаға кеткенімен, одан нәтиже болмайтынына сенімді деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Айгүл Орынбек еліміздің әскерінде болған соңғы шулы оқиғаға қатысты пікір білдіре отырып, қорғаныс саласындағы жемқорлыққа баға берді. Ол генерал Ермекбаевқа отставкаға кетпес бұрын қорғаныс саласында тендер туралы ашық айтуды талап етті.
"Генерал Ермекбаев! Отставкаға жай кетпей бүкіл тендер ұтқан генералдар мен шенеуніктердің туысқандарын айтып кетіңіз! Мың министр ауысса да, бәрібір нәтиже болмайды! Себебі әскери қорғанысты жемқорлық жаулап емес, ұя салып торлап алған", - деді заңгер желідегі парақшасында.
Заңгердің пікірінше, еліміздің қорғаныс саласындағы тендерді алып тастау қажет.
"Халықтың көбісі біле бермейтін шығар әскерге миллиардтаған емес триллиондаған ақша бөлінетінін. Қару-жарақ қауіпсіздігіне бөлінген қаржылар тендер арқылы ойнатылып, өртті алдын алатын құрғылардың арзаны орнатылып нәтижесінде тұтанған затты сезбей жарылыс болатынын бірі білсе, бірі білмес. Арыстағы жарылыстан соң сабақ алмадық, мемлекетіміздің қорғанысы саласында тендерді алып тастау керек! Әскери саладағы көптеген жемқорлықпен таныспын. Әскерилердің тамағы, тіпті тегін берілетін киімдері, пәтерақыларына дейін жемқорлық жайлаған! Барлығы тендермен ойнатылады, тендерді ұтатындар сол шенеуніктердің туысқаны. Әскери сарбаздар быламық жеп жатса да оларға бәрібір. Көп дүние жазуға, ашынып тұрып айтуға болар еді. Қорғаныс саласы еліміздің қауіпсіздігіне қатысты болған соң осымен тоқтайын", - деді заңгер.
Сондай-ақ Айгүл Орынбек адамдарды желіге әскери қорғанысқа қатысты видео мен суреттер таратар кезде мемлекеттің қауіпсіздігін ойлауға шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1929254-aigul-orynbek-ministrden-askeri-salada-tender-utqandardyn-atyn-asyq-aitudy-talap-etti/