Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ұлттық банк өкілі теңгенің құлдырау себебін түсіндірді

Жарияланған күні:

Доллар мен теңге
Көрнекі фото: NUR.KZ/Петр Карандашов

Валюта нарығындағы ахуал мен теңгенің әлсіреу себептері туралы Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов түсіндіріп берді. Маман пікірін Ұлттық банк өз ресми сайтында жариялады.

Нұржан Тұрсынханов биылғы қазан айының соңында теңгенің әлсірей бастауы, ең алдымен, мұнай нарығындағы елеулі түзетумен байланысты екенін айтты. Ол 26 қазаннан бастап мұнай бағасы 2018 жылғы ең жоғары деңгей – бір баррель үшін 86 АҚШ долларына жетіп, көтерілу үрдісін тоқтатып, төмендей бастады, дейді.

Толық емес 2 аптада баға 81 АҚШ долларына дейін немесе 5,8%-ға төмендеген. Осы кезеңде ұлттық валюта бір АҚШ доллары үшін 425,07 теңгеден 429,74 теңгеге дейін немесе 1,1%-ға әлсіреді.

"4 қарашадағы отырыстың қорытындысы бойынша, ОПЕК+ мұнай өндіруді ай сайын тәулігіне 400 мың баррельге арттыру туралы бұрынғы уағдаластықтарды сақтағанына қарамастан, АҚШ президентінің ОПЕК-ке қатысушы елдерге мұнай өндіруді ұлғайту туралы үндеуіне байланысты мұнайға баға белгілеу – қысымға ұшырады.

АҚШ президентінің әкімшілігі мұнайдың шектеулі өндірісі мен мұнай өнімдеріне деген сұраныстың артуы салдарынан бензиннің жоғары бағасы әлемдік экономиканың қалпына келуіне және жаһандық инфляцияның өсуіне қауіп төндіреді деп санайды",- дейді Тұрсынханов.

Неғұрлым ұзақ мерзімді кезеңде жыл басынан бері мұнай бағасының айтарлықтай қалпына келуіне қарамастан, теңгенің нығаяр түрі жоқ. Мұнайдың бағасы теңге бағамы үшін негізгі іргелі факторлардың бірі болып қалатыны даусыз, өйткені мұнайдың бағасы ішкі нарықтағы шетел валютасының ұсынысына тікелей әсер етеді.

Алайда, валюта бағамына іргелі әсер ету факторларын көрсететін төлем балансының ағымдағы шоты тапшылықта қалып отыр, оның себептерінің бірі – тұтыну тауарлары импортының өсуі.

"Сонымен қатар валюталық экспорттық түсімнің өсуімен бірге экономикалық белсенділіктің қалпына келуіне, карантиндік шектеулерден кейін кейінге қалдырылған сұраныс факторына, фискалдық ынталандыруға және зейнетақы аударымдарын пайдалануға байланысты шетел валютасына баламалы қызығушылық байқалатынын атап өту қажет.

Осылайша, ішкі валюта нарығындағы сұраныс факторлары мұнай бағасының өсуі салдарынан елдегі валюта түсімінің өсуін реттейді.

Теңге бағамына теріс әсер ететін тағы бір маңызды фактор – бұл инвесторлардың дамушы нарықтарға қатысты теріс тәуекел-сентименті. Мәселен, жыл басынан бері дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты индексі 5,5%-ға әлсіреді, бұл бірінші кезекте АҚШ ФРЖ саны бойынша жеңілдету бағдарламасын қысқартуды бастауға жауап ретінде АҚШ долларының нығаю үрдісіне байланысты.

Естеріңізге сала кетсек, ФРЖ-ның Ашық нарықтағы операциялар жөніндегі федералды комитеті 3 қарашада облигацияларды сатып алу бағдарламасын қазіргі 120 млрд АҚШ доллары көлемінен ай сайын 15 млрд АҚШ долларына қысқарту туралы жариялады. Сонымен қатар, сақталып отырған инфляциялық қысымға қарай, нарықтық күтулер ФРЖ 2022 жылғы қыркүйектен бастап негізгі мөлшерлемені бірінші рет өсіретінін білдіреді.

Энергия ресурстары бағасының өсуінен кейін мұнай экспорттаушы елдің валютасы нығаймаған жағдай теңге үшін бірегей жағдай емес. Биылғы жылы шикізат тауарларының бағасы әлем бойынша көтерілуіне қарамастан, шикізаттық дамушы елдер валюталарының көпшілігі жыл басынан бері елеулі нығайғанын көрсете алмады.

Жыл басынан бері шикізат тауарларының Bloomberg индексі шамамен үштен бір бөлікке (+32%) ұлғайды, мұнайға баға белгілеу 58%-ға өсті, алайда Бразилия реалы 6,9%-ға, Оңтүстік Африка ранды 3,9%-ға, Мексика песосы 3,2%-ға, Индонезия рупиясы 1,9%-ға әлсіреді.

Қолданыстағы еркін өзгермелі режим жағдайында нарық қатысушылары ұлттық валютаның бағамын дербес қалыптастырады. Сондықтан теңге серпіні мұнайға баға белгілеудің өсуін жеткілікті шамада көрсетпейтініне қарамастан, теңге бағамының еркін қалыптасуы теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмай, нарықтың нарықтығы мен теңгерімін қамтамасыз етеді",- деді маман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1940836-ulttyq-bank-mamany-tengenin-quldyrau-sebebin-tusindirdi/