Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Назарбаев: Бүгін түркі әлемінің даму тарихында жаңа дәуір басталғалы отыр (видео)

Жарияланған күні:

Нұрсұлтан Назарбаев
Нұрсұлтан Назарбаев. Фото: elbasy.kz

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммитіне қатысушыларға бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталының тілшісі.

Елбасы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің сегізінші саммитіне қатысушыларға ыстық сәлемін жолдай отырып, Түркия елінің президенті Режеп Тайып Ердоғанға бүгінгі кездесуге түркі кеңесінің құрметті төрағасы ретінде қатысуға шақырғаны үшін шын жүректен ризашылығын білдірді.

"Биыл көктемде менің бастамаммен өткен түркі кеңесінің бейресми онлайн саммитіне қатысқандарыңыз үшін алғысым зор. Сіздердің шешімдеріңіз бойынша Түркістан қаласы түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесіне ие болды. Жуырда сол қалада Түркітілдес мемлекеттер парламенттік ассамблеясының оныншы мерейтойлық сессиясы сәтті өтті. Алла қолдаса, болашақта қасиетті Түркістанға сіздердің де жолдарыңыз түседі деп сенемін", - деп сөзін бастады Назарбаев.

Сондай-ақ, Елбасы барша түркі мемлекеттері басшыларына халықтарының қарыштап өсіп-өркендеуі жолында алға қойған мақсаттарына жете беруін тілеп, өз ұсыныстарына қолдау білдірген мемлекет басшыларына алғыс айтты.

"Екі жыл бұрын менің Бакудағы көтерген екі ұсынысымды қолдағандары үшін мемлекет басшыларына алғыс айтқым келіп отыр. Біріншіден, "Түркі әлемінің келешегі - 2040" стратегиялық құжаты әзірленді және қабылданады. Бұл концептуалдық бағдарлама ұйымның ұзақмерзімді перспективаға арналған мақсаттарын белгілеп көрсетеді. Екіншіден, бүгіннен бастап біздің бірлестік түркі мемлекеттерінің ұйымы деп аталады. Бұл қадам елдеріміз арасындағы ықпалдастықты ілгерілету ісін жаңа деңгейге көтеріп, ұйымның мәртебелі миссиясын жүзеге асыруға тың серпін береді деп сенеміз. Осылайша Ыстанбұлда қабылданатын шешімдер бауырлас мемлекеттердің көпқырлы ынтымақтастығын жандандыруға елеулі ықпал етуге тиіс", - дейді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев осы басқосудан бірнеше месседж жолдауға болатынын алға тартты.

"Бүгін түркі әлемінің даму тарихында жаңа дәуір басталғалы отыр. Бұл ретте, менің пікірмше, осы басқосудан бірнеше месседж жолдауға болады.

Біріншісі, бауырлас халықтарымызға бағытталған. Біз олардың назарын түркі өркениетінің әлемдік тарихта көп ғасырдан соң алғаш рет қайта жаңғырып жатқанына аударып отырмыз. Түркі елдері бірігіп, жаңа күн тәртібі мен идеологиясын қалыптастыруда...

Екінші месседжіміз - жер бетіндегі ең алып құрлық Еуразияға бағытталған. Біз Еуразия жұртшылығын қазіргі кезеңде үлкен құрлықтың ортасында орналасқан елдеріміздің түркі әлемінің парадигмасы шеңберінде үйлесімді жұмыс істеп жатқаны жөнінде хабардар етіп отырмыз. Осы ретте барлық ірі көршілеріміздің, әсіресе Ресей, Қытай, Үндістан және Еуроодақтың өміршең әрі өзара тұрақты қарым-қатынаста болуына мүдделіміз. Оның үстіне интеграциямыздың стратегиялық мақсаттарының бірі - түркі әлемі негізгі өзегін құрайтын үлкен Еуразияның бірігуіне ықпал ету. Бұл үлкен Еуразияның барлық міндеттерінің әрекеттестігіне негізделген құрлықтық қауіпсіздіктің берік жүйесін қалыптастыруға да септігін тигізеді.

Үшінші месседж бүкіл әлемге бағытталған. Біз осы жаңа ұйымның барлық мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастыққа дайын екенін паш етіп отырмыз. Оның ешкімге қарсы бағытталмағанын атап өткен жөн. Бұл жаңа блог емес, қызметі БҰҰ жарғысының негізгі мақсаттары мен принциптеріне сай келетін прогрессивті бірлестік.

Түркі әлемі ғасырлар бойы Ұлы Жібек жолының қалыптасуында маңызды рөл атқарды. Ең алдымен шығыс-батыс бағытындағы қатынастардың кең контекстінде мәдениеттер мен өркениеттер арасын байланыстырып келді. Сонымен бірге, ол жалпы адамзат мәдениетінің рухани және материалдық қазынасына да өз үлесін қосты. Бүгін біз жаһандық тарихи эфолюцияның жаңа кезеңінде сол үрдістің қайталануын көріп отырмыз", - деп қосты Назарбаев.

Елбасы жаңа мәртебеде бауырлас түркі елдерін бір-бірімен жақындастыруын жалғастыруға ниетті екенін жасырмады.

"Өздеріңізге мәлім, осыған дейін мен түркітілдес елдер басшыларының тұңғыш басқосуынан бастап түрлі құрамдағы өткен 17 кездесуіне тікелей қатынастым.

Осы түркі кеңесінің құрылуына атсалысып, қолдау көрсеттім. Өткен жылдар ішінде түркі әлемінің қалыптасуы мен нығаюына еңбек сіңіргенім мен үшін үлкен абырой, зор ғанибет. Ұйымның құрметті төрағасы ретінде жаңа мәртебеде мен бауырлас түркі елдерін бір-бірімен жақындастыруын жалғастыруға ниеттімін. Баршаңызға табыс пен жақсылық тілеймін", - деп сөзін аяқтады Нұрсұлтан Назарбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1942003-nazarbaev-bugin-turki-aleminin-damu-tarixynda-zana-dauir-bastalgaly-otyr-video/