Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елбасының ерен еңбегі: Қызылордада тұңғыш президент күніне арналған республикалық конференция өтті

Жарияланған күні:

Қызылорда облысының әкімдігі
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Бүгін Сыр елінде 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Қызылорда облысы әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен өткен жиын «Тұңғыш Президент және Тәуелсіз Қазақстан: өркендеудің 30 жылы» тақырыбын арқау етті.

Конференцияға ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, саяси ғылымдар докторы Мұрат Бақтиярұлы, облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамов, Ұлттық ғылым академиясының академигі, облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Бақберген Досманбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, белгілі әнші-композитор Жеңіс Сейдоллаұлы, айтыскер ақын, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов, Сыр толағайы, ауыр атлетші Илья Ильин, зиялы қауым өкілдері, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенділері, жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары, басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйым өкілдері және онлайн байланыс арқылы аудан әкімдері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Қызылорда облысы
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Аймақ басшысы Сыр халқын ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, Тәуелсіз Қазақстанның даму белесінде Елбасының рөлі мен жаңғыру кезеңіндегі Сыр елінің жетістігін тізбектеп берді.

Гүлшара Әбдіқалықова
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі
"Баршаңызды Тәуелсіз еліміздің мәртебелі мерекесі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен құттықтаймын! Биыл бірлігі бекем, татулығы жарасқан Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтуде. Елбасының көшбасшылығы арқасында саяси жүйесі тұрақты, экономикалық әлеуеті мықты, ұлттық рухы берік, халықаралық беделі зор қуатты мемлекетті құрдық. Осы жасампаз істерді Елбасының серігі, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүйелі түрде жүзеге асыруда. Еліміз тәуелсіздік жылдары қаншалықты толымды табыстарға қол жеткізсе, оған Сыр елі де өз үлесін қосуда. «Сыр – Алаштың анасы», бұл – қазақ елінің алғашқы астанасы Қызылорда жайлы Елбасының сөзі. Екіншіден, Отандық ғарыш кеңістігінің өркендеуі. Қызылорда облысы - Қазақстанда ғана емес әлемде ғарыштық кешен орналасқан стратегиялық маңызы бар өңір.Үшіншіден, халықаралық сарапшылар тарапынан «Ғасыр жобасы» аталған Арал теңізін сақтап қалу идеясы. Экологиялық апат аймағы ретінде тарап кеткелі тұрған облысымыз Тұңғыш Президентіміздің дана саясатымен Тәуелсіздік тарихында өз орнын сақтап қалды.Төртіншіден, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы арқылы ел мен елді, жер мен жерді жақындатты. Бұл барлық ауданы теміржол мен автокөлік жолының бойында орналасқан Сыр елі үшін ең тиімді инфрақұрылымдық шешім", - деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Қызылорда облысы
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Конференцияда Мұрат Бахтиярұлы «Елбасы және ел тәуелсіздігі», Наурызбай Байқадамов «ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанды қалыптастырудағы рөлі», Бақберген Досманбетов «Елбасы – елорда архитекторы», Серік Дүйсенбаев «Тұңғыш Президент және Сыр өңіріндегі дамудың өрелі 30 жылы» тақырыбында баяндама жасап, Ұлт көшбасшысы Ұлы даланың ұлы есімдерінің тікелей жалғасы, Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы ұлы реформатор Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясаты туралы сөз қозғады.

Илья Ильин
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Сонымен қатар облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Ирина Шек «Елбасы және Қазақстан халқы Ассамблеясы: бейбітшілік пен келісім жолы» тақырыбында баяндама жасаса, Жеңіс Сейдоллаұлы, Мұхтар Ниязов, Илья Ильин мен Талғат Тілес Тәуелсіз Қазақстанды қалыптастыру жолындағы азаматтардың үлесі туралы ой қозғап, жүрекжарды пікірлерін жеткізді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1944701-elbasynyn-eren-enbegi-qyzylordada-tungys-prezident-kunine-arnalgan-respublikalyq-konferenciya-otti/