Тоқаев табысты компаниялар туралы: Халыққа тиесіліні қайтаратын уақыт жетті
Жарияланған күні:
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәжілістің онлайн отырысында денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау мәселелерін шешу үшін "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қоры құрылатынын мәлімдеді. Ол "халыққа тиесіліні қайтаратын" уақыт келгендіктен, елдегі ірі бизнестен аударымдар күтетінін жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Тоқаев республикалық бюджеттің жартысын әлеуметтік шығыстарға жұмсау жеткіліксіз екенін, сондықтан қазақстандықтар үшін "Қазақстан халқына" жеке қорын құру қажеттігін атап өтті.
"Бүгін мен "Қазақстан халқына" қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырамын. Ол денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналысады.
Мысалы, сирек кездесетін ауруы бар балаларға көмек. Өйткені, көбінің қалтасы емдеуге кететін шығынды көтере алмайды. Қалаларда, аудандарда, кенттерде, ауылдарда балалар үшін спорт нысандарын саламыз. Қабілетті балаларға көмек көрсетеміз. Мәдениетті қолдаймыз. Алматыға қорқынышты трагедиядан кейін қалыпқа келуге көмектесеміз. Осы қордың қаражатынан қаза тапқан полицейлер мен әскери қызметкерлердің отбасына қолдау көрсетеміз. Бұл жекелеген мысалдар ғана", - деді Тоқаев.
Оның айтуынша, бұл президенттің, үкіметтің немесе басқа органдардың қоры емес, бұл - барлық қазақстандықтың қоры. Қордың барлық бюджеті мен жобалары оның сайтында жарияланып, қоғамға есеп берілетін болады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында елде көптеген табысты компания мен бай адамдар пайда болғанын да атап өтті. Енді ірі компаниялар жыл сайын аталған қорға қаражат аударуы қажет.
"Қорды қаржыландыру жеке және мемлекеттік көздерден жүзеге асырылады. Халықаралық қайырымдылық ұйымдар көмегін тарту жоспарлануда. Бұл қорға лотерея қызметі операторының, анықтамаларды есепке алу орталығының және басқа да монополистердің міндетті аударымдары жіберіледі.
Тұңғыш президент-Елбасының арқасында елімізде өте табысты компаниялар тобы және тіпті халықаралық өлшемдер бойынша бай адамдар тобы пайда болды. Қазақстан халқына тиесіліні қайтарып, оған жүйелі және тұрақты негізде көмектесетін уақыт жетті деп санаймын.
Сондықтан, үкімет компаниялар тобын анықтап, қорға жыл сайынғы жарналардың мөлшерін олармен нақтылауы керек. Сонымен қатар, шын мәнінде, үлкен қаражатқа ие бола тұра көлеңкеде қалып отырған адамдардан белсенді түрде қатысуды күтемін. Қор қоғамды топтастырудың тағы бір құралына айналып, азаматтарда әлеуметтік әділеттілік сезімін нығайта алатынына сенімдімін", - деді Тоқаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1950513-toqaev-tabysty-kompaniyalar-turaly-xalyqqa-tiesilini-qaitaratyn-uaqyt-keldi/