Тоқаев: Әскердегі қару-жарақтың дені – 30-50 жыл болған кеңес дәуіріндегі техника
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси жағдайды және аймақтық деңгейдегі өзекті сын-қатерлерді ескере отырып, Қазақстан Қарулы күштерінің әскери дайындығын түбегейлі арттыруды талап етті. Ол үшін бірқатар міндетті орындау қажет, деп хабарлайды Ақорда.
Жоғарғы бас қолбасшының пікірінше, ең алдымен, ел басшылығын сыртқы және ішкі қауіп-қатерлер туралы уақтылы әрі нақты ақпараттармен қамтамасыз етуге тиісті әскери барлау қызметін күшейту керек.
Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес құрылатын арнаулы операциялар жөніндегі күштердің басшылығына маңызды миссия жүктеледі. Сондай-ақ оларға қысқа мерзім ішінде басқа күштік құрылымдармен бірлесіп, барлық ұйымдастыру шараларын қабылдап, арнаулы операцияларды орындауға дайындалу міндеті жүктеледі.
Қасым-Жомарт Тоқаев қару-жарақ сақтайтын нысандарда төтенше жағдайлардың қайталануына жол бермеу қажеттігін еске салды.
Осыған байланысты президент қару-жарақтардың сақталу қауіпсіздігін қамтамасыз ету, пайдалануға жарамсыз және әрі қарай сақтауға қауіпті қару-жарақтарды жою шараларын жүзеге асыруды жалғастыру керек екенін айтты.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Қазақстан армиясының техникалық және жауынгерлік жабдықтарын жаңарту міндетін жүктеді.
"Әскердегі қару-жарақтың дені – 30-50 жыл болған кеңес дәуіріндегі техника. Ескірген техникалардың мерзімінің өткеніне байланысты қару-жарақ паркін жаңарту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қарулы Күштер заманауи әрі жоғары технологиялық қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықталуы тиіс. Қабылданатын шаралар жүйелі болуы керек. Қару-жарақ пен әскери техниканы жөндейтін, оларға қызмет көрсететін отандық өндірісті дамыту қажет", – деді жоғарғы бас қолбасшы.
Мемлекет басшысы әскердің шұғыл әрекет ету қабілетін артырып, әскери-транспорттық авиацияның әлеуетін күшейту қажет екеніне тоқталды.
Оның айтуынша, әскери борышты өтеу міндетінің беделін көтеріп, абыройын арттыру қажет.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасының сабақтарын ескере отырып, қару-жарақ және әскери техника сатып алу жөніндегі 2022 жылға арналған жоспарды қайта қарауды және қарулы күштердегі кадрлық әлеуетті арттыру шараларын қабылдауды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1951959-toqaev-askerdegi-qaru-zaraqtyn-deni-30-50-zyl-bolgan-kenes-dauirindegi-texnika/