Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде не айтты

Жарияланған күні:

Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Nur Otan" партиясының кезектен тыс ХХІ съезіне қатысты. Ақорда президент баяндамасының толық нұсқасын жариялады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХІ съезіне бейнебайланыс режимінде қатысты. Сондай-ақ жиынға Тұңғыш президент – Елбасы, президент әкімшілігінің басшылығы, партияның саяси кеңесінің мүшелері қатысты. Отырысты партия төрағасының бірінші орынбасары жүргізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзінен және дауыс беру рәсімінен кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты "Nur Otan" партиясының төрағалығына сайлау туралы съезд қаулысы қабылданды. Содан кейін мемлекет басшысы жиынға қатысушылар алдында сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев партияның жаңа көшбасшысы ретінде сөйлеген сөзінде партияны басқаруға ұсыныс жасағаны және қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білідіріп, Nur Otan партиясына төрағалық ету аса жауапты жұмыс екенін атап өтті.

Президент халқымызды дүрбелеңге салған қаңтардың басындағы қайғылы оқиғалар туралы айта келе, лаңкестер мен қылмыскерлерге тойтарыс беріп, мемлекетіміздің тұтастығын сақтап қалғанымызды мәлімдеді.   

"Құзырлы органдар кінәлі адамдарды анықтап, жауапқа тарту үшін тергеу жүргізуде. Бұл жұмыс тек заң аясында жүзеге асырылатынына күмән болмауға тиіс. Бәрі Бас Прокуратураның және менің жеке бақылауымда болады. Адам құқығын міндетті түрде сақтаймыз. Бұдан былай мұндай қасіретке жол бермейміз", – деді президент. 

Мемлекет басшысы қоғамдық құндылықтар жүйесіне, саяси және әлеуметтік-экономикалық салаларға түбегейлі өзгеріс енгізу қажет екеніне назар аударды. 

"Азаматтық қоғам институттарына зор міндет жүктеледі. Әсіресе, саяси партиялар айрықша рөл атқаруға тиіс. Соның ішінде біздің партиямыздың алатын орны ерекше. Nur Otan Қазақстанды нығайтуға бағытталған маңызды реформалардың бастауында болып, түрлі салада нақты жетістікке жетуімізге елеулі үлесін қосты", – деді мемлекет басшысы. 

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Елбасының жеке басына қатысты ел ішінде тарап жатқан түрлі жағымсыз әңгімелерге түсіндірме берді.  

"Тұңғыш президентіміз елімізді іргесі берік мемлекетке айналдыру үшін зор еңбек сіңірді. Ол Отанымыздың және әлем тарихында Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаған тұлға ретінде қалатыны сөзсіз. Елбасының 30 жылда ел мүддесі үшін атқарған жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Бұл – тарихқа қиянат жасау деген сөз", – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасына баға берген кезде тарихи деректерге шынайы түрде сүйенуі қажет.

"Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев отандық және әлемдік жылнамада Қазақстан Республикасының негізін қалаушы деген атпен қалады. 90-шы жылдардың басында Қазақстанның демографиялық ерекшелігіне және шекарасының шегенделмеуіне байланысты белгілі саясаткерлер мен саясаттанушылар елімізді ыдырап кетеді деп болжам жасаған болатын. Осындай қилы заман, тарихи кезеңде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мемлекет құру жөніндегі күрделі миссияны өз мойнына алды. Бұл, шын мәнінде, өте ауыр міндет еді", – деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының нарықтық экономиканы қалыптастыруға, жан-жақты реформаларды жүзеге асыруға, Тәуелсіздіктің елең-алаң кезінде әлеуметтік-экономикалық сипаттағы көптеген проблеманы шешуге қосқан үлесін еске салды. Сондай-ақ мемлекеттік шекараны рәсімдеуге, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, еліміздің геосаяси тұғырын нығайтуға және астананы көшіру ісіне сіңірген зор еңбегін атап өтті.

"Ол Американың бес президентімен, кеңестік және ресейлік бес басшымен, Қытайдың бірқатар төрағаларымен және басқа да көптеген мемлекеттің басшыларымен, сондай-ақ БҰҰ-ның төрт бас хатшысымен жұмыс істеді. Әлемдік қоғамдастықта оны жаһандық ядролық қаруға қарсы қозғалыстың көшбасшысы деп атайды. Сонымен қатар Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның барлық экономикалық көрсеткіш бойынша Орталық Азия кеңістігінде алдыңғы орынға шыққанын ұмытпауымыз керек. Сондықтан Тұңғыш Президенттің тарихи еңбегін ұмытпайық. Түптеп келгенде, шынайы әрі әділ болған жөн. Өткенін қаралаған халықтың болашағы бұлыңғыр", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Президент ел басқару ісінде жіберілетін кемшіліктер туралы айта келе, қателіктерге Американың да, Қытайдың да басшылары, тіпті Сингапурдың алғашқы премьер-министрі  Ли Куан Ю да бой алдырды деген пікір білдірді.

"Бірақ Сингапурдың да, АҚШ-тың да, Қытайдың да халықтары және басқарушы топтары күрішті күрмектен ажырата біліп, өздерінің басшыларын кемшіліктерден жоғары қойды. Жұмыс істемейтін адам ғана қателеспейді деген сөз бұрыннан белгілі. Сондықтан Тұңғыш Президенттің тиісті тарихи еңбегіне лайықты бағасын берейік. Ал кеткен қателіктер, еліміздің келешек басшыларына сабақ болсын. Мемлекетіміздің болашағы тұрғысынан алғанда бұның дұрыс болатынына сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, мемлекет басшысы өз сөзінде «қасіретті қаңтар» оқиғасының Тәуелсіздік алған жылдардағы ең ауыр сынақ болғанын атап өтті. Президент қоғамның кемелдігі мен мемлекеттің күш-қуатын сынап көруге арналған емтиханды сәтті тапсырғанымызды айтты. Осы ретте Президент бұл оқиғалардың барлық себеп-салдарын терең талдап, тиісті сабақ алу қажет деп санайды.

"Еліміз дамудың өте күрделі кезеңіне аяқ басқанын түсіне отырып, Nur Otan партиясын басқару ұсынысын ризашылықпен қабылдаймын. Бұл шешім партияны трансформациялау және бүкіл қоғамды ұйыстыру жұмыстарына кірісуге дайындықты білдіреді. Осы ретте мен Мемлекет басшысы ретінде ашық және әділ саяси бәсекелестік болатынына кепілдік беремін. Менің конституциялық міндетім – барлық билік тармағының келісілген іс-әрекетін және мемлекеттік органдардың халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ету. Әрине, бұл жағдайлар Президенттің кез келген партия мен қозғалыстардың қызметінен белгілі бір дәрежеде алшақтауын талап етеді. Сондықтан біраз уақыттан кейін, бәлкім осы жылдың ішінде, Nur Otan партиясына одан әрі төрағалық етуімнің орындылығы туралы мәселеге қайта ораламыз. Мемлекет басшысының тең қашықтықтағы мәртебесі саяси реформалардың ауқымды топтамасында біржола бекітілуі керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент елімізді жан-жақты жаңғырту үшін ұсынылған ауқымды мәселені еске салды. Оның пікірінше, Nur Otan реформаларды жүзеге асыруға белсене атсалысуға, Қазақстанды қарқынды түрде қайта құрудың және жаңартудың негізгі қозғаушы күші ретінде әрекет етуге тиіс.

"Бұл үшін Nur Otan өзін-өзі жаңартуы керек. Партияның бүкіл жұмысын сөз жүзінде ғана емес, түбегейлі қайта құру қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы партия мүшелерін төмендегі басымдықтарға баса мән беруге шақырды.

Президент партия ішіндегі ынтымақты нығайтуды, қоғамдағы барлық конструктивті күшті біріктіруді бірінші міндет ретінде атады. Оның айтуынша, Жаңа Қазақстанды құру үшін ауызбіршіліктің, серіктестіктің, нық ұстаным мен болашаққа сенімнің маңызы зор.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, партия мемлекеттік органдардың жұмысын қайталамауы керек. Президент Nur Otan партиясы негізінен идеологиялық және кадрлық жұмыстармен айналысып, қажет жағдайда мемлекеттік аппараттың жұмысына жол сілтеп отыруы керек екеніне назар аударды.

"Партияның өміршеңдігі сайлауалды уәделердің қаншалықты орындалатынына байланысты екенін түсіну керек. Менің ойымша, шындыққа жанаспайтын және орындалмайтын уәде бермеген абзал. "Арық айтып, семіз шыққан" жөн. Ақиқатқа тура қарау қажет. Сондықтан партия Үкіметпен және әкімдіктермен бірлесе отырып, сайлау алдындағы уәделердің орындалуын түбегейлі қадағалауы керек", – деді мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, президент партияның ұйымдық құрылымын қайта қарауды, атап айтқанда, бірінші орынбасар лауазымын атқарушы хатшы қызметімен алмастыруды, сондай-ақ тиісті бағыттар бойынша басқа да хатшылардың лауазымдарын қайта қарастыруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдық кеңестердің қазіргі жоспарларын, олардың жеке құрамдарын қоса алғанда түбегейлі жаңартуға, басқа партиялар мен қоғамдық бірлестіктермен арадағы ынтымақтастықты жолға қоюға шақырды.

Президент мәжілістегі партияның фракциясын қайта қарау, партия мүшелерінің өңірлердегі өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге атсалысуын күшейту, қоғамдық қабылдаулар қызметін жандандыру, партияның сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі стратегиясын жаңа мазмұнда толықтыру, партия құрамындағы толып жатқан тиянақсыз, табансыз, мансапқұмар тұлғаларды орындарынан алу, сондай-ақ партияның "Jas Otan" жастар қанатының жұмысын сапалы түрде күшейту қажет деп санайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Қазақстан халқына" қорының қызметіне арнайы тоқталды. Қорға ақшалай үлес қосқан кәсіпкерлерге ризашылығын білдірді. Сонымен қатар олигополияның бір бөлігі, тіпті соның дәл өзі болып табылатын бизнестегі кейбір белгілі тұлғалардың Президент бастамашы болған қайырымдылық акциясына қатысуға асықпайтындарын атап өтті.

"Бұны қалай түсінуге болады? Сараңдық па, нигилизм бе, салғырттық па әлде менсінбеу ме? Қалай болғанда да, бұл сұрақтың жауабын алуға мемлекеттің құзыреті жетеді. Ірі бизнес тарапынан жасалатын қайырымдылық үдерісін реттейтін арнаулы Жарлық шығаруды жоспарлап отырмын", – деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Президент қызметінде болсын және партия жұмысында болсын ел мүддесіне берік болу қағидатын ұстанатынын жеткізді.

"Nur Otan – еліміздің негізгі саяси күші. Сондықтан Қазақстанның болашағы үшін, ең алдымен, біздің партиямыз жауапты. Әрқайсымыз осы жауапкершілікті терең сезініп, жұмыс істеуіміз қажет. Шын мәнінде, Nur Otan мемлекетшілдер партиясы болуы керек. Ұйым мүшелері мемлекет мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс",  – деді партия төрағасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1953546-toqaev-nur-otan-partiyasynyn-kezekten-tys-sezinde-ne-aitty/