Тоқаев Nur Otan партиясында төраға орынбасары лауазымы болмайтынын мәлімдеді
Жарияланған күні:
Nur Otan-ның кезектен тыс съезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партияның ұйымдық құрылымын қайта қарау, атап айтқанда, төрағаның бірінші орынбасары лауазымын алып тастау туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Ақорданың Твиттер желісіндегі парақшасы.
"Біріншіден, партия қатарындағы ынтымақтастықты нығайту, қоғамның барлық сындарлы күштерін топтастыру. Партия қатарына түрлі қоғамдық-саяси топтардың өкілдерін, сенімге ие нағыз көшбасшыларды белсендірек тарту керек. Өкінішке қарай, партияда ондайлардың аз екеніне көзіміз жетті. Сыни кезеңде партияның бүкіл орасан зор кадрлық және адами әлеуеті, ауқымды инфрақұрылымы толыққанды пайдаланылмады. Nur Otan шынайы істер атқаратын партия бола отырып, оқиғалардың бел ортасында, үдерістердің басы-қасында болуы тиіс. Сырттай бақылап отырушы ұстанымы енді қабылданбайды.
Екіншіден, партия мемлекеттік органдар жұмысының көшірмесі болмауы керек. Мемлекеттік аппараттың қызметі бір, партияның қызметі мүлдем басқа. Nur Otan негізінен идеологиялық және кадрлық жұмыстармен, қажет жағдайда – мемлекеттік аппараттың жұмысына бағыт-бағдар берумен айналысуы керек. Өткен жылғы сайлаудың қорытындысы бойынша Nur Otan халық тарапынан қажетті сенім мандатын алды. Алайда атқарушы билік оны пайдаланбай, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың күрт нашарлауына жол берді. Бұйрықтар, жоспарлар, тапсырмалар көбінесе ресми түрде, қағаз жүзінде орындалды.
2021 жылдың қорытындысы бойынша үкімет партияның сайлауалды бағдарламасында жоспарланған көрсеткіштердің 74 пайызының орындалғаны туралы есеп берді. Бірақ бұл ақпараттың растығына кім кепіл бола алады?
Партияның алдағы өміршеңдігі сайлау алдындағы уәделерінің қаншалықты орындалатынына байланысты екенін түсіну керек.
Менің пікірім: шындықтан алшақ әрі орындалмайтыны анық уәделерді үйіп-төкпеген дұрыс. Сондықтан партия Үкіметпен және әкімдіктермен бірлесе отырып, сайлау алдындағы уәделердің орындалуына толық тексеру жүргізуі керек. Бұл жұмыстың жүргізілуіне астыртын қарсы шығу, бюрократизациялаудың түрлі айла-шарғылары әлеуметтік сілкіністерге әкеп соқтырады. Бұған ешкім дау айтпайтынына сенімдімін.
Партия құрылымын қайта қарап, оңтайландыру арқылы ұйымдық тиімділігін арттыруы керек. Партиялық аппаратты қызмет көрсету үлгісіне қарай қайта құруға баса назар аудару керек.
Ұйымдық құрылымды да қайта қарау керек. Атап айтқанда, партия төрағасының бірінші орынбасарының орнына атқарушы хатшы, сондай-ақ тиісті бағыттардағы басқа да хатшылар қызметі қарастырылсын.
Партия жанынан құрылған қоғамдық кеңестер ең өзекті тақырыптар бойынша ұсыныстар әзірленетін ашық әрі тиімді алаңға айналуға тиіс. Олар өзекті мәселелерді шешудің нақты жұмыс істейтін механизміне айналуы керек", - деді мемлекет басшысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1953566-toqaev-nur-otan-partiyasynda-toraga-orynbasary-lauazymy-bolmaitynyn-malimdedi/