Тоқаев: Қымбат дүние сатып алатын мемлекеттік қызметшілер қатаң бақылауға алынады

Опубликовано:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілердің қымбат дүниелер сатып алуы қатаң бақылауға алынады. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Еліміздің құқықтық жүйесі үшін мүлде жаңа институттар бар. Мемлекеттік қызметшілердің жылжымайтын мүлік, автокөлік және басқа да қымбат дүниелер сатып алуы қатаң бақылауға алынады. Сонымен қатар шенеуніктердің адалдығын тексеруге арналған "Integrity check" әдісін атап өтуге болады. Әрине, бұл ұсынысты әлі де жан-жақты пысықтау қажет. Дегенмен халықаралық тәжірибеде мұндай тексерістер жақсы нәтиже көрсетуде", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев кеңесте.

Президент өз тапсырмасы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы әзірленгенін атап өтті. Құжатта сыбайлас жемқорлықпен күресуге арналған ауқымды шаралар қарастырылған.

Тоқаев тұжырымдама жобасын бекітетінін мәлімдеді. Алайда жұмыстың тиімділігін нақты нәтиже бойынша бағалайтынын ескертті.

"Түпкі мақсат – сыбайлас жемқорлықтан таза қоғам қалыптастыру. Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек. Оған қоса заңнамалық шаралар қабылдауға тиіспіз", - деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ президент жемқорлыққа қатысты қылмыстарды анықтау және ашу жұмыстарын күшейту қажет екені айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1954113-toqaev-qymbat-dunie-satyp-alatyn-memlekettik-qyzmetsiler-qatan-baqylauga-alynady/

jitsu gif