Нұрлан Ноғаев маңғыстаулықтарға үндеу жасады
Жарияланған күні:
Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өңір тұрғындарына үндеу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Құрметті маңғыстаулықтар! Қаңтар айының басында Қазақстан тап болған оқиғалар еліміздің тұтастығы мен Тәуелсіздігіне қауіп төндірген күрделі кезең болды. Елге қауіп төнген кезде мемлекет басшысы барлық жауапкершілікті өз мойнына алып, бірқатар нақты шешім қабылдады.
Мемлекет басшысы жаңа міндеттер қойып, Қазақстанның даму жолының жаңа кезеңін айқындады. Біздің мақсатымыз - болашақта осындай жалпыұлттық трагедияларға жол бермеу. Ал бұл үшін "Бір жағадан бас, бір жеңнен қол" шығарып, халық игілігі үшін жұмыла жұмыстану аса маңызды. Маңғыстау - тарихи өнеркәсіптік өңір. Аймақтағы өндірістік компаниялардың қызметі облыстың дамуында аса маңызды рөл атқарады", - дейді өңір басшысы үндеуінде.
Оның сөзінше, бүгінгі таңда облыста бірнеше кәсіпорын өкілдері жұмыс берушілердің алдына түрлі сипаттағы мәселелерді қойып отыр. Оның ішінде еңбек ақының өсуіне қатысты сұрақтар да көтеріліп отыр. Талап қоюшылардың арасында облыс тұрғындарын ауыз сумен және электр қуатымен қамтамасыз ететін МАЭК мекемесінің өкілдері де бар.
"Қазір жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында еңбек арбитражы басталады. Оған қала әкімі, Энергетика министрлігінің өкілдері, еңбек қатынастары жөніндегі мамандар, қызметкерлер, жұмыс беруші және қоғам өкілдері қатысады. Комиссияның міндеті - кәсіпорынға өзінің негізгі қызметіне оралуға мүмкіндік беретін оңтайлы шешімді табу.
Құрметті маңғыстаулықтар! Халық пен елдің игілігі үшін баршаңызды сабыр сақтап, түсіністік танытуға шақырамын. Мемлекет басшысы реформалар жоспарын және оларды іске асыру жөніндегі нақты шараларды ұсынды. Біз бұл тапсырмаларды кезең-кезеңмен жүзеге асыруды бастап кеттік. Барлық қиындықтың уақытша екендігі маған да, сіздерге де белгілі. Сондықтан тұрақтылықты сақтап, конструктивті диалогқа, нақты және сындарлы өзгерістерге үлес қосуға шақырамын. Біз біргеміз", - дейді Нұрлан Ноғаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1955036-nurlan-nogaev-mangystaulyqtarga-undeu-zasady/