"Бұрғылау" ЖШС басшылығы Жаңаөзенде жұмысқа шығудан бас тартқандардың талаптарына қатысты түсініктеме берді
Жарияланған күні:
"Бұрғылау" ЖШС басшылығы Жаңаөзенде жұмысқа шығудан бас тартқан "Бұрғылау" мұнайшыларының талаптарына қатысты ресми сайтында түсініктеме берді.
Компания басшылығы ереуілге шыққандарды үстел басына жиналып, олардың талаптарын ҚР-дағы еңбек заңнамалары аясында конструктивті диалог арқылы талқылауға шақырды.
“Бұрғылау” ЖШС қызметкерлерінің жалақысы саладағы ең көп жалақылардың бірі. 2021 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорындағы орташа айлық жалақы 887 мың теңге болды. Солай бола тұра, ұжымдық шарттың аясында жыл сайынғы инфляция деңгейіне байланысты еңбекақының көлемі де артып отырады. Мәселен, 2008 жылдан бастап, 2021 жыл аралығында орташа жалақы 158 мың теңгеден 887 мың теңгеге дейін көбейген. Ал, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақы тағы 10 пайызға артты”, - деп хабарлады компания өкілдері.
Сондай-ақ, компания өкілдері жария еткен ақпаратқа сенсек, 2022 жылы эксплуатациялық және барлап бұрғылаудың 5-ші разрядтағы бұрғылаушылары 543 112 теңге, бұрғылаушының көмекшісі 451 463 теңге тарифтің жалақы алады.
"Бұл “таза тарифтік” жалақы ғана. Ал егер жұмыс кестесін, үстемақылар мен сыйақыны қоссақ, осы бұрғылаушының жалақысы 1 098 191 теңге, көмекшісі 912 874 теңге жалақы алады", - деп жазылған компанияның ресми сайтында.
Ереуілге шыққандар “Бұрғылау” ЖШС-да еңбекақы төлеудің біріңғай жүйесін енгізу керек деген талап қойды. Компания өкілдерінің айтуынша, кәсіпорын 2016 жылдан бастап дәл осындай жүйеге ауысқан, тек оның атауы ғана басқаша.
”Солай бола тұра, “Бұрғылау” ЖШС-ның ұжымдық шарты тапсырыс беруші “Өзенмұнайгаз” АҚ-ның ұжымдық шартымен бірдей. Ұжымдық шартта мерекелерде төленетін сыйақылар, 13-ші жалақы, үстемақылар мен қосымша ақылар, әртүрлі ақшалай көмек, санаторийлер мен балалар лагеріне берілетін жолдама сияқты қызметкерлерді қолдайтын әртүрлі әлеуметтік көмек төлеу көзделген. Сонымен қатар, 2022 жылдың қарашасында ұжымдық шартқа қосымша құжатқа қол қойылды, ол құжат қосымше демалыс күндерін, материалды төлемдерді арттыруды, лагерге баратын балалардың жасын ұзартуды және қызметкерлерді қолдаудың өзге де әлеуметтік шараларын көздейді”, - деп хабарланды компанияда.
Сонымен қатар, компания өкілдері хабарлағандай, мұнайға қызмет көрсететін компаниялар “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ-ға қосылмайды, яғни, ұлттық компанияларға айналмайды, бұл ҚР Энергетика министрлігінің ресми жауабы. Қазір мемлекет керісінше, мемлекеттік және квазимемлекеттік компанияларды, соның ішінде мұнай-газ салаларындағы компанияларды бәсекелі ортаға беріп жатыр.
“Бұрғылау” ЖШС-ның басшылығы ереуілге шыққан қызметкерлердің бүкіл талабы бойынша компанияның ресми сайтында жауап жариялаған.
Естеріңізге сала кетейік, 9 ақпан күні Маңғыстау облысындағы кен орындарында қызмет көрсететін “Бұрғылау” компаниясының 400-ге жуық қызметкері жұмыстарын тоқтатқан болатын. Олар жұмыс берушіге оншақты талап қойған, соның ішінде, кемі бір миллион теңге ең төменгі жалақы бекітуді, ұжымдық келісімшарт шарттарын қайта қарауды, компанияны “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ-ның құрамына қосылуды, аутстаффингтегі қызметкерлерді штатқа ауыстыруды талап еткен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1956203-burgylau-zss-bassylygy-zanaozende-zumysqa-sygudan-bas-tartqandardyn-talaptaryna-qatysty-tusinikteme-berdi/