Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кемшіліктері болса, жас басшылар сабақ алуы керек": Тоқаевтың Елбасы туралы ойы қандай

Жарияланған күні:

Тоқаев пен Назарбаев
Фото: Abai.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Qazaqstan" арнасына берген сұхбатында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

– Халықтың көбі тұңғыш президентке және оның отбасына қатысты наразылығын білдірді, тіпті, ашу-ызаға толы пікірлер айтылды. Себеп белгілі. Сіз өзіңіз мемлекет басшысы ретінде осы жағдайдан қандай сабақ алдыңыз?

– Мәселеге жан-жақты қарайтын болсақ, халық наразылығының астарында өткір әлеуметтік мәселе жатыр. Халықтың көбінің әлеуметтік жағдайы төмен. Бұл – ақиқат.

Мемлекеттің тұтас байлығы аз ғана топтың қолында. Теңсіздік белең алуда. Наразылықтың түп-тамыры осыдан басталды. Бұл мәселе туралы мен Парламентте, басқа да жиындарда айттым.

Өкініштісі, азаматтардың наразылығын лаңкестер мен қылмыскерлер пайдаланып кетті. Бұған бәріміз куә болдық. Расында, әлеуметтік желіде тұңғыш президентіміз туралы әртүрлі ойлар айтылып, жазылып жатыр. Қанша адам болса, сонша пікір болады.

Мен мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 30 жылдық еңбегін жоққа шығаруға болмайды деп ойлаймын. Тарихқа қиянат жасамау керек.

Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің іргесін қалаған, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосқан тұлға. Оның қызметіне әділ баға беруге міндеттіміз.

Тұңғыш президенттің кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет. Қаңтар оқиғасы елімізге де, менің өзіме де үлкен сабақ болғаны сөзсіз. Тиісті қорытынды жасалды. Қазір елімізде болып жатқан саяси шешімдер − соның нәтижесі. Алдымызда өте көп жұмыс бар. Мұны барлығы көріп, біліп отыр деп ойлаймын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1956669-kemsilikteri-bolsa-zas-bassylar-sabaq-aluy-kerek-toqaev-tungys-prezidentke-qatysty-oiyn-aitty/