"Өткен іске өкінбе": Тоқаев Елбасының тұлғасына арналған кітабы туралы айтты
Жарияланған күні:
Қасым-Жомарт Тоқаев "Qazaqstan" ұлттық телеарнасына берген сұхбатында Елбасы туралы жазған кітабына қатысты пікір білдірді.
Тележүргізуші Жайна Сламбек "шығармашылығыңызға қатысты тағы бір сұрақ. Сіз негізінен, дипломатия, сыртқы саясат туралы бірнеше кітап жаздыңыз. Солардың ішінде Елбасының тұлғасына арналған "Ол тарихты жасап жатыр" деген туындыңыз бар. Қазіргі таңда сол кітапты жазғаныңызға өкінбейсіз бе? Бұдан басқа, жаңа кітаптар жазу жоспарыңызда бар ма?" деген сауалдар қойды.
Өз кезегінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев туралы кітап жазғанына өкінбейтінін жеткізді.
"Тұңғыш Президентіміздің еңбегі туралы кітапқа келсек, қазақта "Өткен іске өкінбе" деген сөз бар. Мен көптеген оқиғаға куә болған адаммын. Сондықтан, қағазға түсіргенді жөн көрдім. Оқырмандардың пікірінше, кітаптарым жоғары деңгейде жазылған. Мысалы, әлі күнге дейін студенттер менің кітаптарымнан қажетті мағлұматын алып, пайдаланып жүр.
Жоспар туралы айтсақ, кейбір ойларымды түртіп қойып, күнделік жазатыным бар. Мүмкін, болашақта қажет болар. Келешекте қазіргі өміріміз туралы ауқымды кітап жазу ойымда бар. Амандық болса жазамын", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1956686-otken-iske-okinbe-toqaev-elbasynyn-tulgasyna-arnalgan-kitaby-turaly-aitty/