Тоқаевтың қабылдауында болған Ажар Ғиният балалар денсаулығына көп көңіл бөлетінін айтты
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі эпидемиологиялық ахуал туралы баяндалды. Министрдің айтуынша, қаңтардың ортасында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны тәулігіне 16 500 адам болса, бүгінде шамамен 1 500 адам тіркелген.
Жалпы еліміздегі эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Қазіргі уақытта стационарлардың 20 пайызында ғана науқастар ем алып жатыр.
Сондай-ақ Ажар Ғиният көптеген шектеу шараларының алынғанын, оқушылардың дәстүрлі оқыту жүйесіне, кәсіпорындардағы жұмысшылардың оффлайн жұмыс істеуіне рұқсат берілгенін атап өтті. Ведомство басшысы ревакциналау жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.
Министр президентке денсаулық сақтау саласын жетілдіру жөніндегі жоспарын таныстырды. Оның айтуынша, министрліктің жұмыс жоспары ең алдымен алғашқы медициналық көмекті жетілдіруге, ауыл-аймақтардағы денсаулық сақтау жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар биыл Балалар жылы болып жарияланғандықтан, балалардың денсаулығына көп көңіл бөлінеді. Атап айтқанда мектептегі медицинаның жаңа тәртібі мен стандарты қабылданады.
Мемлекет басшысы министрліктің жұмыс бағытын қолдайтынын айтып, денсаулық сақтау саласын одан әрі дамыту жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1956845-toqaevtyn-qabyldauynda-bolgan-azar-giniyat-biyl-balalar-densaulygyna-kop-konil-bolmeksi/