Алик Айдарбаев "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшысы қызметінен босатылды
Жарияланған күні:
Алик Айдарбаев "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы" АҚ басқарма төрағасы қызметінен босатылды. Оның міндетін атқару Құрманғазы Есқазиевке жүктелді, деп хабарлайды компания ресми сайтында.
Компанияның баспасөз қызметінің мәлметінше, Алик Айдарбаевтың өтініші бойынша оның "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма" төрағасы ретіндегі өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған.
"Самұрық-Қазына" АҚ Басқармасының шешімімен Құрманғазы Орынғазыұлы Есқазиев "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы болып тағайындалған.
Құрманғазы Есқазиев В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетін геолог-тау-кен инженері мамандығы бойынша тәмәмдаған.
2006 жылы Томск политехникалық университетінің "геология-минералогия ғылымдарының кандидаты", 2021 жылы И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің "геология-минералогия ғылымдарының докторы" ғылыми дәрежесін алған.
Еңбек жолын 1985 жылы "Эмбанефть" өндірістік бірлестігінде оператор-коллектор болып бастаған. Онда операторлықтан бастап "Ембімұнайгаз" АҚ бас директорына дейінгі өндірістік қызметтің барлық сатысынан өткен.
Әр жылдары "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ-та түрлі лауазымды қызметтер атқарған.
2015 жылдың қыркүйегінен 2018 жылға дейін "Ембімұнайгаз" АҚ бас директоры, "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ бас директоры болған.
Сондай-ақ "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасының барлау, өндіру және мұнай сервисі жөніндегі орынбасары, "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасының геология және барлау жөніндегі орынбасары болып қызмет еткен.
2020 жылдан бастап "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ бас директоры қызметін атқарған.
2022 жылдың ақпанынан бүгінге дейін "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1964441-qurmangazy-esqaziev-qazmunaigaz-uk-aq-basqarma-toragasynyn-mindetin-atqarusy-bolyp-tagaiyndaldy/