Тоқаев таяуда ғана тағайындалған Жамбыл облысының әкіміне бірқатар тапсырма берді
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовті қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Кездесу барысында Нұржан Нұржігітов Қасым-Жомарт Тоқаевқа биылғы үш айдағы өңірдің даму көрсеткіштері мен президент тапсырмаларының орындалу барысы және алдағы жоспары туралы баяндаған.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірге тартылған инвестиция көлемі 63,1 миллиард теңгеге жеткен. Сонымен қатар биыл өңірде құны 100,5 миллиард теңге болатын 15 инвестициялық жоба іске асырылып, 1000-нан астам жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. 2025 жылға дейін 75 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.
Одан бөлек Нұржан Нұржігітов мемлекет басшысына 2022 жылы Жамбыл облысында 810 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 25 елді мекенге ауызсу, 17 ауылға газ тартылатынын айтты.
Сондай-ақ өңірдегі егіс алқабы 9,2 мың гектарға ұлғайтылып, ауыл шаруашылығы техникасы 11 пайызға жаңартылатынын атап өтті.
Өңір басшысының сөзінше, президент тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру жұмыстары да жүйелі түрде атқарылып жатыр.
Нұржан Нұржігітов президентке Гвардейск ауылындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының базасында отандық иммундық препараттар шығаратын зауыттың жұмысы, "BSL-3" өндірістік цехының құрылысы жөнінде де мәлімет берді.
Кездесу соныңда мемлекет басшысы Жамбыл облысының әкіміне бағаны бақылауда ұстау, халықтың табысын арттыру, инвестиция тарту және мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру жұмыстарын жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1964710-toqaev-tayauda-gana-tagaiyndalgan-zambyl-oblysynyn-akimimen-kezdesu-otkizdi/