Балаларды кибербуллингтен қорғау: Әлеуметтік желілерді бұғаттау туралы заң жобасы мақұлданды
Жарияланған күні:
Мәжіліс депутаттары бала құқығын қорғау туралы заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларды мақұлдады. Балаларды кибербуллингтен қорғауды көздейтін құжат президентке қол қоюға жіберілді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Депутат Жәмила Нұрманбетова заң жобасының тиімді құқықтық базаны қалыптастыру үшін және бала құқығын қорғау саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленгенін атап өтті.
Мәжіліс депутатының айтуынша, Сенат енгізген түзетулер 6 позициядан тұрады және мемлекеттік органдар мен Қазақстанда таралуына тыйым салынған немесе өзге де жолмен шектелген, балаға зиян келтіретін ақпаратты орналастыруға жол берген интернет-ресурстардың өзара іс-қимыл механизмін өзгертуді көздейді.
"Сенат депутаттары БАҚ саласындағы уәкілетті органға балаға қатысты кибербуллинг фактілеріне сараптама жүргізу тәртібін айқындау үшін, сондай-ақ интернет-ресурстарға қолжетімділікті тоқтата тұруға негіз ретінде кибербуллинг фактілерін заңмен анықтау құзыретін беруді ұсынды.
Бұл ретте тыйым салынған ақпаратқа қолжетімділікті шектеу тәртібін айқындау БАҚ саласындағы уәкілетті органның құзыретіне жатады", - деді ол.
Нұрманбетова сонымен қатар енгізілген түзетулер Мәжіліс мақұлдаған заң жобасының тұжырымдамасы мен мазмұнын өзгертпейтінін айтты. Осыған байланысты Әлеуметтік-мәдени даму комитеті ұсынылған толықтырулар мен өзгерістермен келісу туралы ұсыныс жасады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, заң қабылданса, Facebook, Instagram және басқа да платформалар балалардың кибербуллингіне қатысты ақпаратты өшіруге міндетті. Мәжіліс заң жобасын наурыздың басында мақұлдады, бірақ бір апта бұрын Сенат құжатты төменгі палатаға қайтарды: Сенат депутаттары бірқатар түзету енгізді.
Атап айтқанда, сенаторлар заң жобасынан уәкілетті органға өз қалауы бойынша интернет-ресурстарға, әлеуметтік желілерге және мессенджерлерге қолжетімділікті шектеуге немесе олардың жұмысын тоқтатуға мүмкіндік беретін кең өкілеттіктерді алып тастауды ұсынды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1965901-balalardy-kiberbullingten-qorgau-aleumettik-zelilerdi-bugattau-zanynyn-zobasy-maquldandy/