Заң қабылдау құқығы мәжіліске тиесілі болады
Жарияланған күні:
Елімізде заң қабылдау құқығы мәжіліске тиесілі болады. Бұл туралы конституциялық кеңестің аппарат жетекшісі Бақыт Нұрмұханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Заң шығару процесін жаңғыртуға арналған бірқатар өзгеріс жасалды. Заң қабылдау құқығы негізінен мәжіліске тиесілі болады. Сенатқа мәжіліс қабылдаған заңдарды мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы беріледі. Реттейтін мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, Конституциялық заңдарды палаталардың бірлескен отырысында қабылдау қолдау тапты. Үкіметке адам өмірі мен денсаулығына, мемлекеттің қауіпсіздігіне, басқа да құндылықтарға айрықша қауіп төнген жағдайда заң күші бар нормативтік-құқықтық актілер қабылдау құқығы берілді", - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, еліміздің Ата заңына енгізілетін түзетулер мен өзгертулер жобасының ауқымды бөлігі адам құқықтары мәселелеріне арналған.
"Былтыр Қазақстанның Қылмыстық кодексінен және басқа заңдарынан өлім жазасы алынып тасталды. Енді бұл ұғым Ата заңнан жойылып отыр. Осылайша, біз Қазақстан іс жүзінде де, заң жүзінде де өлім жазасы жоқ мемлекет деп айта алатын боламыз. Омбудсмен институты туралы жеке бап қарастырылды. Азаматтардың өтініш беруіне жол ашып, Конституциялық кеңесті Конституциялық сотқа айналдыру бастамасын ерекше атап өткім келеді. Конститутциялық сот төрелігі бойынша дүниежүзілік қауымдастыққа мүше 118 елдің 78-інде Конституциялық сот құрылған. 12 мемлекетте Конститутциялық кеңес жұмыс істейді. Қалғандарында бұл функцияны Жоғарғы сот және басқа органдар жүзеге асырады. Осы орайда Қазақстан әлемде ең кең тараған және тиімді модельді таңдап отыр деп айта аламыз", - деді Бақыт Нұрұханов.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1966667-zan-qabyldau-quqygy-maziliske-tiesili-bolady/