Тоқаев Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы қашан өтетінін хабарлады
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір айдан кейін Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы өтетінін хабарлады, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Бір айдан кейін жаңа диалог алаңы – Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтеді. Құрылтай ел дамуының өзекті мәселелерін талқылау үшін қоғамды топтастыруға арналған", - дейді президент Ақордада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында.
Сонымен қатар мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың құрамына кімдер кіретінін айтты.
"Құрылтай жалпыұлттық диалогтың әмбебап үлгісіне айналады. Құрылтайға депутаттар, Ассамблея мүшелері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, барлық облыстардың, сондай-ақ Азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес-қауымдастықтардың және өндіріс саласының өкілдері кіреді", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Одан бөлек президент Ассамблея Ұлттық құрылтаймен бірлесіп, тиімді жұмыс істеуі керек екенін атап өтті.
"Түптеп келгенде, екеуінің мақсаты – ортақ. Ауқымды өзгерістерге жастардың да белсене қатысқаны абзал. Кеше тұңғыш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының Жастар сессиясы өтті. Оның ұсынымдарын мұқият зерделеу қажет", - дейді мемлекет басшысы.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1967430-toqaev-ulttyq-quryltaidyn-algasqy-otyrysy-qasan-otetinin-xabarlady/