Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев ҰҚШҰ саммитінде не туралы айтты

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылғанына 30 жыл және Ұйымның құрылғанына 20 жыл толуына орай Мәскеуде өткен ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысты, деп хабарлайды Ақорда.

Мерейтойлық жиынға Қазақстан көшбасшысынан басқа Арменияның премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Пһпрезиденті Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Ресей президенті Владимир Путин, сондай-ақ ҰҚШҰ-ның бас хатшысы Станислав Зась қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуге қатысқандарға ілтипат білдіріп, мерейтойлық сессияны ұйымдастырғаны үшін Ресей тарапына және Владимир Путинге жеке ризашылығын білдірді.

Қазақстан президенті ҰҚШҰ-ның 30 жыл ішінде одан әрі даму үшін зор әлеуеті бар көпжақты ынтымақтастықтың нақты механизмі ретінде қалыптасқанын атап өтті.

Фото
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік пен тұрақтылықты, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті сақтау, мүше мемлекеттердің аумақтық тұтастығы мен егемендігін қорғау ҰҚШҰ-ның басты міндеті екенін айтты. Президент ҰҚШҰ-ның тұрақты жұмыс органдарының табысты қызметіне, әртүрлі форматтағы тығыз ынтымақтастықты, сондай-ақ ұйымның күштік, құқық қорғау және бітімгершілік әлеуетін күшейту мәселесіне тоқталды.

Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде халықаралық терроризм мен экстремизмге, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымына, көші-қонға, соның ішінде Ауғанстандағы ахуалдың өршуіне қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударды.

"Ауғанстандағы жағдай, сондай-ақ осы елдің аумағындағы қарулы топтардың белсенді әрекеті мемлекеттеріміздің қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қатер төндіріп отыр. ҰҚШҰ барлық ықтимал қауіп-қатерлерді ескеріп, Орталық Азияның оңтүстік шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуі керек деп есептеймін", – деді Қазақстан президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің әлеуетін нығайту Ұйым қызметінің тағы бір өзекті міндеті екенін айтты.

"Біздің ойымызша, қазірдің өзінде ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметімен байланыстыру міндетін күн тәртібіне қою қажет. Бұл қадам Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының субъект ретіндегі құқығын нығайтады. Сондай-ақ ұйымның бейбітшілікті сақтау жөніндегі халықаралық бітімгершілік операцияларға қатысу тәжірибесін қамтамасыз етеді", – деді мемлекет басшысы.

Кездесу қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық мәлімдемесін қабылдады. Содан кейін саммит қатысушылары жиын жұмысын таңғы ас форматында жалғастырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1969531-toqaev-uqsu-uzymdyq-qauipsizdik-kenesinin-mereitoilyq-sessiyasyna-qatysty/