Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облысына жаңа прокурорлар тағайындалды
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысының келісімімен еліміздің Бас прокуроры Нұр-Сұлтан қаласына және Қарағанды облысына жаңа прокурорларды тағайындады, деп хабарлайды ведомство ресми сайтында.
Бас прокуратураның мәліметінше, Қарағанды облысының прокуроры болып 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі Мырзакеров Бауыржан Қыпшаұлы тайындалды.
Ол еңбек жолын 1997 жылы Қапшағай гарнизонында әскери прокурордың көмекшісі ретінде бастаған. Әр жылдары әскери прокуратураның Шымкент, Сарыөзек, Өскемен, Қапшағай гарнизондарында басшылық қызметтер атқарған.
Одан бөлек Бас әскери прокурордың және Павлодар облысы прокурорының орынбасары, Бас прокуратураның заңды күшіне енген үкімдердің заңдылығын және олардың орындалуын қадағалау қызметінің басшысы болған. 2019 жылдың сәуірінен бастап елордалық прокуратураны басқарған.
Ал Нұр-Сұлтан қаласының прокуроры болып аға әділет кеңесшісі Өтегенов Ерлан Рахымжанұлы тағайындалған.
Ерлан Өтегенов 1997 жылдан бастап прокуратура органдарында жұмыс істеп келеді. Алматы, Оңтүстік Қазақстан, (қазіргі Түркістан облысы) Ақмола облыстарының және Алматы қаласының прокуратураларында басшылық қызметтер атқарған.
Сондай-ақ Алматы табиғатты қорғау прокурорының орынбасары, Алматы облысы Қарасай ауданының прокуроры, Ақмола облысының Целиноград, Егіндікөл аудандарының және Алматы облысы бойынша Талғар ауданының прокуроры, Алматы қаласының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқарма бастығы болған.
2019 жылдың маусымынан бастап Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының орынбасары қызметін атқарған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1971336-nur-sultan-qalasy-men-qaragandy-oblysyna-zana-prokurorlar-tagaiyndaldy/