"Заң барлығына ортақ": Елбасы туыстары жайлы тарап жатқан ақпараттарға пікір білдірді
Жарияланған күні:
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев саясаттанушы Данияр Әшімбаевқа ауқымды сұхбат беріп, туыстарына қатысты тарап жатқан ақпараттарға пікір білдірді. Сұхбат Әшімбаевтың Telegram арнасында жарияланды, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
"Соңғы уақыттарда интернетте сіздің туыстарыңыз туралы көптеген ақпарат пайда болды. Мәліметтерде олардың кейбірі заңсыз әрекеттермен – рейдерлік, заңсыз баюмен айналысады делінген. Сіз бұл туралы не айта аласыз?", - деп сұрады Данияр Әшімбаев Елбасыдан.
"Жылдар бойы Қазақстанда құқықтық мемлекет құрып келеміз. Оның негізгі қағидасы – заң барлығына ортақ. Егер туыстарымның бірі менің ту сыртымнан заң бұзу үшін менің атымды пайдаланса, онда олар тиісті жауапқа тартылуы қажет. Кінәсі сот тәртібінде дәлелденуі керек. Әрбір азаматтың заң тұрғысынан қорғалуға құқығы бар екенін ұмытпауымыз қажет.
Рахат Әлиевпен болған оқиға бәрінің есінде деп ойлаймын. Ол менің қызымның күйеуі болды. Ол маған ұлым сияқты еді, менің немерелерімнің әкесі болды. Бірақ мұның бәрі мемлекеттің оның заңға қайшы әрекеттеріне көз жұмуына себеп болған жоқ. Оны қазақстандық әділ сот соттады. Бірақ ол жасырынып үлгеріп, қалған өмірін тығылып өткізді. Кісі қызыға қоймайтын тағдыр.
Мен президент болған жылдар ішінде біздің халқымыз үлкен жұмыс атқарды. Кейбіреулері мұны ұмытып жатыр. Бірақ халқымыздың дана екеніне және бәрін есте сақтайтынына сенімдімін.
Қазақстан саяси және экономикалық халықаралық үдерістердің толыққанды қатысушысына айналды. Тәуелсіздік жылдарында елімізге 360 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды.
Халықаралық валюталық қордың дерегінше, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 1993 жылғы 5,15 миллиард доллардан 2020 жылы 164,79 миллиард долларға дейін, яғни 32 есе өсті. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 1993 жылғы 304,85 доллардан 2020 жылы 8,7 мың долларға дейін, яғни 28 есе өсті.
Қазақстан экономикасының көлемі Орталық Азияның барлық елінің экономикасын қоса алғанда 2 есе көп. Біз өңірдің мойындалған экономикалық көшбасшысымыз.
1991 жылы неден бастағанымызды және бүгін не нәрсеге қол жеткізгенімізді еске түсіріп көріңіздер. Айырмашылығы жер мен көктей.
Біз Тәуелсіздігімізді нығайттық. Біз барлық көршімізбен шекарамызды айқындап алдық және қазіргі уақытта бізге қандай да бір аумақтық шағым жасалмайды.
Тәуелсіз болу үшін мемлекеттің халықаралық мойындалған шекарасы, өзінің соғысқа қабілетті әскері, ұлттық валютасы болуы және халықаралық тұрғыдан мойындалуы қажет. Бізде мұның ешбірі болған жоқ. Бұған менің президенттік жылдарымда және менің басшылығыммен қол жеткізілді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1971594-zan-barlygyna-birdei-elbasy-tuystaryna-qatysty-tarap-zatqan-aqparattarga-pikir-bildirdi/