Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы Қазақстанның Ливандағы елшісі болды
Жарияланған күні:
Қазақстанның Ливан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі тағайындалды, деп хабарлайды Ақорда.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Расул Берекетұлы Жұмалы Қазақстан Республикасының Ливан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Расул Жұмалы 1971 жылы 15 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген.
1987-1992 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің араб тілі бөлімін бітірген.
Қызмет жолын сыртқы саясат жүйесіндегі жауапты саладан бастаған.
1992-1994 жылдар аралығында еліміздің Сыртқы істер министрлігінің Таяу және Орта Шығыс, Африка елдері бөлімінде атташе, референт болып жұмыс істеген.
1995 жылы Сыртқы істер министрінің көмекшісі болған.
1996-1998 жылдары қызметін Қазақстанның Мысыр Араб Республикасындағы елшілігінде 3-ші, 2-ші хатшы дәрежесінде жалғастырған.
1998 жылы Сыртқы істер министрлігінің Таяу және Орта Шығыс, Африка бөлімінің басшысы болған.
1999 жылы еліміздің сыртқы саясаты қызметінің жаршысы – ҚР СІМ-нің ақпараттық хатшысы міндетін атқарған.
2000-2002 жылдары Қазақстан үкіметінің ақпараттық хатшысы, 2002 жылы Алматы қаласындағы ҚР СІМ өкілеттілігіндегі саяси топтың жетекшісі, 2003 жылы Израильдегі Қазақстан елшісінің кеңесшісі, 2004-2005 жылдары Қазақстанның Біріккен Араб Әмірлігіндегі Бас консулы, 2006-2007 жылдары Ливиядағы Қазақстанның дипломатиялық миссиясының басшысы, 2007-2008 жылдары Еуразиялық банкирлер клубының атқарушы директоры қызметін атқарған.
2006 жылы "Геополитика Центральной Азии" атты орыс тіліндегі монографиясын жарыққа шығарды.
Кейін еліміздегі "Эксклюзив" аналитикалық журналының және қазақ тіліндегі "Япырай" танымдық журналының редакторы болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1973871-belgili-sayasattanusy-rasul-zumaly-qazaqstannyn-livandagy-totense-zane-okiletti-elsisi-bolyp-tagaiyndaldy/