Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев іс-сапармен Кеген ауданына барды
Жарияланған күні:
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Кеген ауданының халқымен кездесті. Жұмыс сапарында аудандағы тұралап қалған мәселелерге тоқталып, әлеуетімен танысты. Облыс экономикасының дамуына Кеген ауданы да өз үлесін қосып келеді. Мәселен аудан мемлекеттік бюджетке 2,0 млрд теңге, жергілікті бюджетке – 1,0 млрд теңге қаражат құйған.
Аудан инвестиция тарту бойынша облыста соңғы 10-орында. Яғни жыл сайын 2 млрд теңге инвестиция тартылады. Ал облыста 2030 жылға дейін жүзеге асырылатын 138 жобаның 18-і Кеген ауданына тиесілі. Сондай-ақ аудан өнеркәсіп бойынша аймақта 7-орында.
Кеген ауданында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, кей салаларда бірқатар мәселе тұралап тұр. Облыс әкімінің халықпен кездесуінде көп көтерілген сұрақ – инфрақұрылым мәселесі. Тұрғындарды республикалық маңызы бар "Көкпек-Кеген-Түп" автожолының жағдайы алаңдатады. Автожолға мердігер компания ұзақ жылдар жөндеу жұмыстарын жүргізсе де, жұмыс әлі аяқталмаған. Аудан басшысы Талғат Байеділовтің айтуынша, қазір өзге мердігер компанияға тендер ойнатылып жатыр. Нәтижесі 20 тамызда белгілі болмақ.
Халықты алаңдатқан келесі мәселе – ауыз су. Кеген ауданында 34 елдімекеннің 31-і орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Су құбыры желілерінің жалпы ұзындығы 221 шақырым. Өңір басшысының халықпен кездесуінде Бөлексаз ауылындағы су мәселесі айтылды. Ауылға 3 жылдан бері су берілмей отыр.
"Бөлексаз ауылында 2020 жылдан басталған күрделі жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі 2021 жылдың қазан айына белгіленген болатын. Сот шешімі негізінде мердігер жұмысты 2022 жылдың 30 маусымына дейін аяқтауға міндеттелген. Бүгінге дейін 95 пайыз жұмыс аяқталған", - деп атап өтті Кеген ауданының әкімі Талғат Байеділов.
Ауданда жер қатынастары саласында мал жаю үшін жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі өзекті мәселе болып отыр.
"Ауданның жалпы жер көлемінің шеңберінде жайылымдыққа тиесілі 435,2 мың га бар. Өзімнің берген тапсырмама орай, тиісті облыстық басқарма пайдаланбай жатқан жайылымдық жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін қайтару жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Қолымызда бар ақпаратқа сәйкес 3 жекеменшік кәсіпкердің қолында 17,8 мың га жайылымдық жер пайдаланылмай отыр. Түгендеу жұмыстары жалғасын табады. Менің жеке бақылауымда",- деп атап өтті Алматы облысының басшысы Марат Елеусізұлы.
Халықпен кездесуден соң Алматы облысының әкімі Жамал Ермегияев атындағы орта мектепке барып, күрделі жөндеу жұмыстарының жүргізілу барысымен танысты. Мектеп 1 971 жылы пайдалануға берілген. Ғимарат 940 оқуышыны оқытуға қауқарлы. Алайда мектепте бүгінде 245 балдырған білім алуда. Бос сыныптар алаңы көп болғандықтан, мектепке қосымша физика-математика бағытындағы лицейді ашу ұсынылды.
Содан соң өңір басшысы Кеген аудандық ауруханасындағы күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Аурухананың жалпы алаңы 3 328 шаршы метр. 100 төсекке арналған. Меймандар инфекция бөлімі, асхана мәйітхана, кір жуатын бөлімдердің ғимараттарын аралап шықты. Күрделі жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде.
Іс-сапарда облыс әкімі "Нұрлы Жер" бағдарламасы аясында салынған 20 үйдің жағдайымен танысты. Үйлердің құрылысы келер жылы аяқталып, пайдалануға берілмек.
Облыс басшысы сапар соңында "КегенМясПром" ет комбинатына барды. Жобаның жалпы құны 2,5 млрд теңге. 2022-2023 жылдар аралығында комбинат салынып бітеді деп күтілуде. Кәсіпорын іске қосылса, тәуілігіне ірі қара мал – 50 бас, ұсақ мал – 50, жылқы – 10 бас союға қабылдай алмақ. Жылына 2542 тонна ет, 331,5 тонна шұжық, 66 тонна консерві өнімін өндіруді жоспарлап отыр.
Жұмыс сапары соңында облыс басшысы Кеген ауданында мол әуелет бар екенін атап өтіп, оны тиімді пайдалану үшін жоспар әзірлеп, нақты қадамдар жасау керегін баса айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1981954-almaty-oblysynyn-akimi-marat-sultangaziev-is-saparmen-kegen-audanyna-bardy/