Қарапайым тілмен: мемлекеттендіру туралы не білеміз
Жарияланған күні:
Соңғы кездері қоғам қайраткерлері арасында Қазақстанда мемлекеттендіру саясатын жүргізу қажет деген мәселе көтерілуде. Сарапшылармен бірлесе отырып, біз оның не екенін анықтауды жөн көрдік: мемлекеттендіру өткеннің ісі ме, әлде әлеуметтік әділеттің көрінісі ме? Мемлекеттендіру экономика үшін неліктен қауіпті немесе ол қандай пайда әкелуі мүмкін екенін экономистер Расул Рысмамбетов пен Рақым Ошақбаев айтып берді.
Мемлекеттендіру деген не?
Жеке меншіктегі жер, өнеркәсіп, кәсіпорын, банк, көлік немесе басқа да мүліктің мемлекет меншігіне өтуін мемлекеттендіру деп атайды. Әдетте, біреудің кәсібін тәркілеу арқылы, яғни оған ештеңе төлемей-ақ тартып алу немесе реквизиция арқылы , яғни оның иесінен толық немесе ішінара сатып алу арқылы жүзеге асады.
Экономист Расул Рысмамбетовтың сөзінше, қалай болғанда да, мемлекеттендіру өте нәзік хирургиялық құрал.
"Бәрі "мемлекеттендіру" терминін қалай түсінетінімізге байланысты. Өйткені, мемлекеттің активтерді күштеп тартып алуы - дұрыс емес. Мемлекет активтерді лайықсыз бағамен сатып алса, бұл да дұрыс емес. Біріншіден, кез келген мәміле ізгі ниетпен болуы керек, екіншіден, мемлекеттендірудің мәні болуы керек. Мысалы, мемлекеттік реттеуді қажет ететін және мемлекетке зор пайда әкелетін бірегей кәсіпорын болған жағдайда", - деп есептейді сарапшы.
Мемлекеттендірудің әртүрлі мақсаты болуы мүмкін. Мысалы, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін стратегиялық маңызы бар салалар мен нысандарды сақтау, елден қаражат пен пайданың заңсыз шығарылуын тежеу немесе шетелдіктердің экономикаға үстемдік етуіне жол бермеу. Дәл осыған ұқсас жағдай қазір Ресейде орын алуда, онда мемлекеттендіруді Ресей нарығынан кетіп жатқан шетелдік компанияларға қолдану жоспарлануда.
Қалай болғанда да, мақсатты нақты түсіну түптеп келгенде мемлекеттендірудің сәтті жүзеге асуына әсер етеді.
"Көбінесе мемлекеттік экономикалық жобалар әлдебір пысықайлардың "Мынаны мемлекеттендірейік?" деген кездейсоқ бастамасымен жүзеге асып жатады. Неге мемлекеттендіреміз? Бұдан не аламыз? Әр нәрсенің қарапайым өлшемі бар – ол не ақша, не қоғам игілігі", – дейді Рысмамбетов.
Бәрі қалай басталды
Мемлекеттендіру жаңа ұғым емес. Оның тарихы 18 ғасырдан басталады. 1789 жылы Францияда барлық шіркеу мүлкінің мемлекетке өтуі - мемлекеттендірудің алғашқы көріністерінің бірі. Бірнеше жылдан кейін жергілікті билік революцияны қолдамай шетелге қашып кеткен дворяндардың мүлкін мемлекеттендірген.
Дүниежүзілік тарихтағы ең ірі мемлекеттендірудің жарқын үлгісі КСРО болған шығар. Бұл процесс 1917 жылы басталып, үш кезеңге жалғасты. Кеңес үкіметі мүлікті өтеусіз тартып алды, бірақ жедел әрекет етті: тек бірінші жылдың өзінде 10 мыңнан астам кәсіпорын мемлекет меншігіне өтті. Әрі қарай мұның қалай аяқталғанын бәрі біледі: қолмен басқарылатын, толықтай мемлекет меншігіндегі экономика ақырында жетекші державалардың нарықтық экономикасымен бәсекеге түсе алмады. Мемлекеттік кәсіпорындар бәсекеге қабілетсіз болып шықты және барлық уақытта мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруды қажет етті.
Мемлекеттендіру Венесуэла сияқты елдерге де әсер етті, Чавес шикізат секторын мемлекеттендіріп, жеке секторды артта қалдырды. Нәтижесінде қоғамдағы жікке бөліну мен үкімет дағдарысы көп күттірмеді.
1940-1950 жылдар аралығында Румыния, Польша, Чехословакия, Югославия сияқты бірнеше Шығыс Еуропа елі мемлекенттендіру тәжірибесін жүргізді. Алғашында орталықтандырылған жоспарлау және индустрияландыру саясаты өз жемісін берді - өндірістің жалпы көлемінің өсуі айтарлықтай өсті. Бірақ бұл адамдардың өмір сүру сапасына әсер еткен жоқ, ал өнімдердің сапасы түсіп кетті. Көп ұзамай экономиканы басқарудың әкімшілік-командалық жүйесі тығырыққа тіреліп, дағдарысқа әкелді.
Тарих көрсеткендей, мемлекеттендірудің салдары жағдайға, және оны басқарып отырған адамдардың қабілетіне байланысты әр түрлі болуы мүмкін.
Міне, тарихи тәжірибеден алынған сабақ осы.
Мемлекеттендірудің жақсы жақтары
- Мемлекеттендірілген компаниялар және оларды кейіннен жекешелендіру арқылы мемлекеттік бюджеттің кірістерін ұлғайту;
- Стратегиялық маңызды салаларды қорғау (Қауіпсіздік үшін маңызды);
- Жеке монополияны жою (жеке трейдерлер өздерінің монополиялық артықшылығын оңай пайдаланады және қалаған кезде жоғары баға қоя алады);
- Тұрақтылық орнату (Халықтың басым бөлігі болашаққа сенімді, өйткені мемлекет жалақы деңгейін, жұмыс орындарының санын және әлеуметтік төлемдер көлемін сақтауға тырысуы мүмкін).
Мемлекеттендірудің жағымсыз жақтары
Бәсекеге қабілеттіліктің болмауы. Сізді мемлекет бақылап тұрғанда нарықпен бәсекелесу, жаңашылдық енгізу қиын;
Шетелдік инвесторлар үшін елдің тартымсыздығы. Инвесторлар бірдеңе дұрыс болмаса, инвестиция мен бизнесті жоғалту қаупі туралы біле отырып, елге ақша құюы екіталай;
Тауар мен қызмет сапасына азаматтық қоғамның ықпал ете алмауы;
Мемлекеттік аппаратты ұлғайту (Мемлекеттік меншік неғұрлым көп болса, соғұрлым мемлекеттік қызметкерлер бюджеттік ақшамен қамтамасыз етілуі керек;
Сыбайлас жемқорлықтың өсуі. Парақорлық кез келген ең жақсы идеяны іске асыруға кедергі келтіретін фактор. Ақша мемлекетпен байланысты болса, бұл проблема міндетті түрде бірге жүреді;
"Мемлекеттендіру – жемқорлықтың ұясы", – дейді сарапшы Расул Рысмамбетов.
- Мемлекеттік кәсіпорындар көбінесе нашар басқарылады.
Қазақстан жағдайында ол қалай жүзеге асар еді
Қазақстанда мемлекеттендірудің болжалды сценарийін қарастырған сарапшы экономист Рахым Ошақбаев былай дейді:
"Жеке компаниялардың мемлекет меншігіне өтуі, шын мәнінде, жағдайды еш өзгертпейді. Біз азаматтар ретінде бұдан ешқандай пайда таппаймыз. Жай ғана қазіргі адамдардың орнына басқа адамдар келеді де, олар да жасырын түрде қазақстандық бизнес модельді жүзеге асырумен айналысады, іс жүзінде бұл - пайданы жекешелендіру және шығынды мемлекеттендіру".
Сондай-ақ ол мемлекеттендіруді қазіргі жағдайға айтарлықтай өзгеріс енгізбейтін жартылай шара деп санайды.
"Мемлекеттендіру мемлекеттік басқару және иелік ету емес, корпоративтік басқару қағидаттары арқылы қалың бұқараны басқару көмегімен жүзеге асырылуы керек. Нақтырақ айтсақ, ұлттық негізде еркін бәсеке қағидаттарына, жеке меншік құқығына, кәсіпкерлік еркіндікке мүмкіндік беретін, сол арқылы азаматтарымыздың жер қойнауын пайдаланудан, табиғи байлығымыздан тікелей пайда, табыс алуымен ұштастыруға мүмкіндік беретін тетік табуымыз керек", - деп өз пікірін бөлісті сарапшы.
Рахым Ошақбаевтың сөзінше, бұл жерде ең бастысы - әлеуметтік әділеттілікке сұранысты қанағаттандырамын деп, заңсыздыққа бармау. Әйтпесе, бұл қазақстандық юрисдикция тұрғысынан экономикаға ұзақмерзімді зиян келтіреді.
Расул Рысмамбетовтың пікірінше, мемлекеттендіруге келгенде популизмде тұрған ешнәрсе жоқ.
"Бірақ егер біз қазір қалай да, сатып алу арқылы немесе өтеусіз, еркінен тыс барлығын тартып ала бастасақ, бұл инвесторды зорлаумен бірдей болады. Меніңше, мемлекеттің ісіне қандай да бір ұсынысты осыған жеке жауапкершілік ала алатын адамдар жасауы керек. Өйткені қоғам белсенділерінің ұсынған пікірі дұрыс болуы мүмкін, алайда олар өз сөзіне жауапкершілік алмайды. Бұл активтерді адамдар мемлекеттің балансына өткізбей, жеке компаниясына басқаруға алмауы үшін мүдделер қақтығысының болмауы маңызды. Өйткені мұндай жағдайда мемлекет басқара алмайды", – деп түйіндейді сарапшы.
Осыдан шығатын қорытынды - мемлекеттендіру мәселесінде жан-жақты ойластырылған көзқарас қажет. Бірден кесіп айтуға болмайды. Тәуекел тым үлкен және бұрынғы қателіктерді де есте ұстау қажет.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1984200-qarapaiym-tilmen-memlekettendiru-turaly-ne-bilemiz/