Әлихан Смайылов Түркістан облысының активіне жаңа әкімді таныстырды
Жарияланған күні:
Премьер-министр Әлихан Смайылов Түркістан облысының активіне өңірдің жаңа әкімі Дархан Сатыбалдыны таныстырды, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі ресми Telegram-каналында.
Үкімет басшысы облыс активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, президент өңір басшылығының алдына азаматтардың әл-ауқатын арттыру, туризмді, агроөнеркәсіп кешенін және басқа да салаларды дамыту бойынша міндеттер қойғанын атап өтті.
Мәселен, Түркістан облысын дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында бірқатар маңызды жобаларды іске асыру көзделген, оның ішінде жаңа өнім шығару, жолдарды жаңғырту, тұрақты жұмыс орындарын құру және жалпы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жабалар бар.
"Өңір басшылығы экономиканы барынша әртараптандыру бойынша жұмысты жандандыруы қажет. Тұрғындарды жұмыспен қамтып, азық-түлік өнімдері бағасының өсуін тежеу, халықты газбен және сумен жабдықтау, сондай-ақ мектептегі орын жетіспеушілігін жою мәселелеріне бірінші кезекте назар аудару қажет", - дейді премьер-министр.
Бұл орайда үкімет басшысы облыс әкімдігінің жұмысы халықпен тиімді диалог негізінде құрылуы тиіс екеніне назар аударды.
Сондай-ақ Әлихан Смайылов қазіргі уақытта туризмнің облыс экономикасының негізгі салаларының бірі екенін, сондықтан отандық және шетелдік туристер үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Одан бөлек премьер-министр бұрынғы өңір әкімі Өмірзақ Шөкеевке маңызды халықаралық, саяси және мәдени оқиғалар болып тұратын ең әдемі облыс орталықтарының біріне айналған Түркістан қаласының және өңірдің дамуына қосқан зор үлесі үшін алғыс айтты.
Еске сала кетейік, бүгін мемлекет басшысының жарлығымен Өмірзақ Шөкеев Түркістан облысының әкімі лауазымынан босатылды.
Оны бұл қызметте Дархан Сатыбалды алмастырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1985495-alixan-smaiylov-turkistan-oblysynyn-aktivine-zana-akimdi-tanystyrdy/