Қызылорда облысында кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында кәсіпкерлік саласын дамыту мен бизнес идеяларды қолдау шаралары артып, “Мемлекет бизнеске көмек көрсету ісін жалғастыра береді” деген болатын.
Бұл тұрғыда облыс орталығында да жүйелі жұмыстар жасалып, «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы - 2020, 2025», «Нұрлы жер» секілді кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар өз тиімділігін дәлелдеп келеді.
Өздеріңізге белгілі, қала әкімі ай сайын кәсіпкерлерді салалық мәселелер бойынша қабылдап, ұсыныстар бойынша нақты шараларды жүзеге асыруда. Кәсіпті жаңа бастаған және бұл бағытта шаруасын жүйелеген азаматтар мұндай қолдауларға ризашылықтарын білдіруде.
Солардың бірі – жеке кәсіпкер Жеңісбек Бердешов. Ол Қызылжарма ауылдық округінен «Green house» жылыжай кешенін ашып, одан аптасына жарты тонна өнім алып отыр. Қазір қияр және қызанақпен сол елді-мекен халқын қамтамасыз етуде. Өнімі базар бағасынан 20 пайызға төмен.
Жылыжай кешенінің аумағы 10 сотық. Жеңісбек бұл жобаны өз қаржысымен жүзеге асырып, бірнеше отбасыны жұмыспен қамтыды. Алақандай жерден әлеуметтің сұранысына сай өнім ұсынған жеке кәсіпкерге шаһар басшысы жан-жақты көмек көрсетілетіндігін жеткізіп, жұмысына сәттілік тіледі.
Қазіргі таңда шаруалардың халықты көкөніспен, жеміс-жидекпен толықтай қамтамасыз ете алмай отырғандығы жасырын емес. Сондықтан бұл өнімдерді көрші өзбек ағайындардан алып, елге қымбатқа тасымалдауға мәжбүрміз. Бағаның тұрақсыздығы соның салдары. Бұл тәуелділікті жою үшін жылыжай өндірісін дамытуды мықтап қолға алуымыз қажет. Ал ол бағыттағы кәсіпке ынталыларға барынша жағдай жасалғаны абзал.
Ақсуат ауылдық округі аумағынан жылыжай кешенін салып, жұмысын бастағандардың қатарында Бауыржан Нұрмағамбет те бар. Ол мемлекеттік бағдарлама арқылы шаруашылықты бастап, қазір дүкен иелерінің күнделікті тапсырыстарын орындап отыр. Аптасына жарты тоннаға жуық қияр, қызанақ өнімдерін алатын «Шапағат» брендісімен танылған кешенде 4 адам еңбек етуде.
Жылыжай агрономы қияр мен қызанақтан бөлек, алдағы 3 жыл ішінде қала тұрғындарына лимон өнімін ұсынамыз дейді. Өйткені шет мемлекеттерден алынған лимон көшеттері қазір жерсініп, өркен жайып келеді. Дегенмен, жылыжай ісін ілгерілету үшін бірқатар жұмыстар атқарылу керек болып отыр. Қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы кешенді ұлғайту, дамытуға байланысты ұсыныстарға қолдау жасалады деді. Сонымен қатар, мұндай шаруашылықтарды көбейту үшін кәсіпкерлерге семинар-тренингтер ұйымдастыру қажет екендігін жеткізді.
Шаһар басшысы кәсіпкерлік нысандарын аралауда Жаппасбай батыр көшесінде орналасқан «Примжанов» ЖК – нің сыртқы және ішкі есіктер шығаратын цехының жұмысымен танысты. Бұл жерде жеке кәсіпкер Дәулет Примжанов өз қаражаты есебінен құны 150 млн. теңгені құрайтын жобаны бастап, сапалы есіктер дайындауда. Бүгінде 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтыған кәсіпорында күніне 20 дана есік сатылымға шығарылады. Дәулет Примжанов өндіріс цехы 2021 жылы іске қосылып, өнімдеріміз жоғары сұранысқа ие болды, тұрақты тұтынушыларымыз көбейді дейді. Заманауи құрылғылармен жарақтандырылған цех өнімдері сапалы, бағасы да қолжетімді екен. Кәсіпкер алдағы мақсатым кәсіпорынның аумағын ұлғайтып, өнім түрлерін көбейту деп отыр.
Цех жұмысымен танысқан қала әкімі Асылбек Шаменов шеберлерге ризашылығын білдіріп, мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып отырған кәсіпкердің ісі алға өрлеуіне тілектестігін білдірді.
Расында да шаһарымызда айтулы кәсіппен айналысушылардың қатары артса, жергілікті тұрғындар үшін сырттан тасымалданатын өнімнен гөрі, өзімізде өндірілетін таза отандық өнім қай жағынан алғанда да пайдалы болмақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1995622-qyzylorda-oblysynda-kasipkerlikke-zan-zaqty-qoldau-korsetilip-keledi/