Тәжірибелі қызметкерлердің жас мамандарды қолдауы: "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы жайлы не білеміз
Жарияланған күні:
Қазақстанда ЖОО немесе колледжді бітіргеннен кейін жастардың "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы аясында жұмысқа орналасуға және үлкен еңбек өтілі бар аға буынның басшылығымен алғашқы кәсіби тәжірибе алуға мүмкіндігі бар.
Оқуды енді аяқтаған түлек үшін мамандық бойынша жұмыс табу оңайға соқпайтыны анық. Кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары жаңа қызметкер алуға қатысты талаптарында бірден бірнеше жылдық еңбек өтілінің болуын сұрайды. Сондықтан дипломы бар жас қазақстандықтар өз мамандығына сәл де болса сәйкес келетін біліктілігі төмен қызметкерлерге арналған бос жұмыс орындарына жұмысқа орналасқанын қанағат тұтып жатады. Көптеген колледж бен жоғары оқу орындарының түлектері даяшылар, қара жұмысшылар, сауда кеңесшілері мен клининг қызметкерлерінің қатарын толықтырып жатыр.
Әрине, кез келген жұмыс құрметке лайық, бірақ жас мамандардың әлеуеті өз мамандығы бойынша жұмыс істегенде әлдеқайда жақсы ашылады. Осы орайда Қазақстанда 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы іске қосылған. Бұл жоба түлектерге алғашқы еңбек өтілін жинап, аға тәлімгерлердің басшылығымен дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді. "Ұрпақтар келісімшарты" 29 жастан аспаған, оқуын соңғы 2 жыл ішінде бітірген жас мамандарға арналған. Жастар жұмысқа орналасқан кезде оларға тәжірибесі мол тәлімгер-қызметкерлер көмектесіп, өз білімдерін бөліседі және ұжымға жаңадан келген өрендерге қолдау көрсетеді.
"Ұрпақтар келісімшарты" жобасының қатысушысы Жанар Наубетова NASIP GROUP ЖШС-не бухгалтер ретінде орналасқан. Ол бұл жұмыс орнына қалай үйренгені жайлы ағынан жарылды.
"Бұл жерде менің бір емес, бірден бірнеше тәлімгерім бар. Маған барлық аға қызметкер көмектеседі, ұжым өте мейірімді, барлығы тәжірибесімен бөліседі. Егер бір нәрсені білмесем, қолдау танытады. Тәжірибелі мамандардың жетекшілігімен тәжірибеден өтудің маңызы зор", - деп бөліседі жас маман.
Жанар Наубетова 2022 жылы Астанадағы Қаржы академиясын тәмамдаған. Бұған дейін ол Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба аясында жұмыспен қамтуға белсенді жәрдемдесу бойынша бағыттардың біріне қатысқан. "Жастар практикасы" жобасының қатысушысы болған, бухгалтерлік есеп пен есептілік бойынша тәжірибеден өткен. Сондықтан "Қаржы" мамандығы бойынша диплом алғаннан кейін ол қайтадан жұмыспен қамту органдарына жүгініп, "Ұрпақтар келісімшарты" жобасы арқылы бухгалтерлік қызмет көрсетумен айналысатын компанияға жұмысқа кірді.
"Менің қазіргі міндетім - бухгалтерлік есеп жүргізу және қаржылық есептер тапсыру. Маған "Ұрпақтар келісімшарты" аяқталғаннан соң осы компанияда тұрақты жұмыс істеу ұсынылды", - деп атап өтті Жанар Наубетова.
Ақтөбе облысы Қобда ауданының тұрғыны Милана Хаджиева да - жобаға қатысқандардың бірі. Ол Тараз халықаралық инновациялық университетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі дипломын иеленгеннен кейін жұмыс іздеуге кіріскен. Жұмыспен қамту орталығында оған Қобда ауылындағы қазақ тілінде оқытатын мектепте мұғалім ретінде бос жұмыс орнына орналасу ұсынылған.
Милана жарты жыл бойы "Ұрпақтар келісімшарты" аясында жұмыс істеді. Жас мұғалімге аға буын әріптестері көмектесті. Ұжымда оның оқытуға шығармашылық, инновациялық көзқарасы мен оқушылармен тіл таба білуі жоғары бағаланды. Жобаға қатысу мерзімі аяқталған соң Милана Хаджиева мектепке тұрақты жұмысқа орналасты.
"Ұрпақтар келісімшарты" жобасы жас маманға тәлімгер ретінде зейнет жасына тақаған қызметкерді бекіте отырып, жұмыс орнын құруды көздейді. Жобаға қатысу мерзімі 6 айдан аспайды, "Ұрпақтар келісімшарты" аяқталғаннан кейін жас маман тұрақты жұмыс орнына орналасады немесе зейнеткерлікке шыққан қызметкерді алмастырады. Жобаға қатысушылардың жалақысы кемінде 30 АЕК-ті (91 890 теңге) құрайды және жергілікті атқарушы органның шешімімен одан да жоғары деңгейде белгіленуі мүмкін.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегіне жүгінсек, ағымдағы жылдың 10 айында "Ұрпақтар келісімшарты" шеңберінде құрылған жұмыс орындарына 485 жас маман орналастырылды. Жобаға Ақтөбе облысындағы жас мамандар белсенді қатысуда, онда "Ұрпақтар келісімшарты" аясында жоғары оқу орындары мен колледждердің 99 түлегі жұмыс тапты. Алматы облысында жобаға 67 адам, Алматы қаласында 60 адам қатысты. Сондай-ақ Қызылорда облысында 40 жас маман, Қарағанды облысында – 36, Қостанай облысында – 32 адам жобаға қатысып үлгерді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1997193-taziribeli-qyzmetkerlerdin-zas-mamandardy-qoldauy-urpaqtar-kelisimsarty-zobasy-zaily-ne-bilemiz/