Оңал Бекиев Ішкі істер министрлігі аппаратының басшысы болып тағайындалды
Жарияланған күні:
Ішкі істер министрлігі аппаратының басшысы лауазымына полиция генерал-майоры Оңал Бекиев тағайындалды. Сондай-ақ Алматы қалалық полиция департаменті бастығының жаңа орынбасары таныстырылды. Бұл туралы ІІМ-нің ресми Polisia.kz ақпараттық медиапорталы хабарлады.
Басқарушы құрамға Ішкі істер министрлігі аппаратының жаңа басшысын министр Марат Ахметжанов таныстырған.
Көліктегі полиция департаменті ресми сайтының мәліметінше, Оңал Бекиев 1975 жылы 21 қантарда Алматы облысында дүниеге келген. 1997 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін, 2002 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін, 2014 жылы Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін тәмамдаған.
Әр жылдары Алматы облысының Ішкі істер департаменті, ІІМ Кадр саясаты департаменті, Көліктегі полиция департаменті бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. Ал 2019 жылдың қазан айында Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаментінің бастығы болып тағайындалған.
Сонымен қатар Марат Ахметжанов Алматы қаласы полиция департаменті бастығының жаңадан тағайындалған орынбасары Дәурен Өтебаевты да таныстырды.
Министр бастықтың жаңа орынбасары аумақтық бөлімшенің жұмысын жақсы білетінін, қарапайым тергеушіден аудандық полиция басқармасының басшысына дейінгі барлық сатылардан өткенін атап өткен.
Айта кетейік, Алматы қалалық полиция департаментінің ресми сайтындағы ақпаратқа сәйкес, Дәурен Өтебаев бұған дейін Медеу аудандық полиция бөлімінің бастығы қызметін атқарған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1997510-onal-bekiev-iski-ister-ministrligi-apparatynyn-bassysy-bolyp-tagaiyndaldy/