Марат Ахметжанов: Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілді білу міндетті болады
Жарияланған күні:
ІІМ басшысы Марат Ахметжанов министрлер кабинетінің отырысында Қазақстандағы көші-қон бақылауын күшейту шаралары туралы айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Марат Ахметжанов Қазақстанда азаматтық алу тәртібі қатайтылып жатқанын еске салды.
"Қазақстан азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілді, тарихымызды және Конституцияны базалық деңгейде білу міндетті болады", – деді ол.
Қараша айының басында парламент депутаттары "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңға қазақстандық төлқұжат алу талаптарын қатаңдатқан түзетулер әзірлеген болатын.
Кейін премьер-министр Әлихан Смайылов ұсынылған нормаларға тоқталып, үкімет бұл нормаларды қолдайтынын және оларды заңнамаға енгізу қажет деп санайтынын айтты.
Қолданыстағы "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Заңға сәйкес, Қазақстан паспортын мына адамдар ала алады:
- Қазақстан Республикасының аумағында заңды түрде бес жылдан кем емес тұрақты тұратын немесе Қазақстан Республикасының азаматтарымен некеде кемінде үш жыл тұрған адамдар;
- Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатында бұрынғы одақтас республикалардан келген, жақын туыстарының бірі Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын жандар: баласы (оның ішінде асырап алынған баласы), жұбайы (күйеуі не әйелі) ата-аналарының бірі (асырап алушылар) әпкесі, ағасы, атасы немесе әжесі. Бұлардың Қазақстанда тұру мерзіміне қарамастан паспорт беріледі.
Сондай-ақ, қос азаматтық фактілеріне ден қою тетіктері қатаңдатылатыны атап өтілді.
"Егер Қазақстан азаматының жеке басын куәландыратын құжаттарды алғаннан кейін адам басқа мемлекеттің азаматтығын растайтын құжатты пайдаланса, көші-қон полициясы біздің азаматтығымыздың жоғалуын дереу тіркейтін болады. Егер біздің азаматтығымызды алған күннен бастап алты ай ішінде адам бұрынғы азаматтығын тоқтату туралы анықтама бермесе, біздің азаматтығымызды жоғалтқанын тіркейміз", – деді министр.
Сонымен қатар, ІІМ басшысы Қазақстан билігі ғылымда, білім беруде, өнеркәсіпте және ақпараттық технологияларда, сондай-ақ спорт пен мәдениетте Қазақстан үшін құнды дағдылары бар шетелдіктер үшін тұруға рұқсат алу құқығымен ұзақ мерзімді визалар беруге ниетті екенін атап өтті.
Бұдан басқа, ел экономикасына бір мезгілде 300 мың доллардан астам инвестиция салған шетелдік инвесторлар үшін Қазақстанға келу және елде болу тәртібі жеңілдетіледі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1999357-marat-axmetzanov-qazaqstan-azamattygyn-alu-usin-memlekettik-tildi-bilu-mindetti-bolady/