Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев Франциядағы ірі компания басшыларымен кездесті (фото)

Жарияланған күні:

Президент Францияның ірі компания басшыларымен кездесуде
Президент Францияның ірі компания басшыларымен кездесуде. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Францияның атом өнеркәсібі, энергетика, өнеркәсіптік газдарды өндіру, көлік және басқа да салалардағы ірі компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.

Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев Électricité de France (EDF) компаниясының бас директоры Люк Ремонмен кездесуде атом энергетикасы саласына озық технологияларды енгізу мәселесін талқылаған.

Мемлекет басшысы қазақстандық мамандар атом энергетикасы саласындағы әлемдік жетекші компаниялардың озық технологияларын зерттеп жатқанын жеткізген.

Сондай-ақ олар жаңартылатын қуат көздері саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын қарастырған.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Люк Ремон
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Люк Ремон. Фото: Ақорда

Бұдан кейін мемлекет басшысы Air Liquide компаниясының президенті Франсуа Жаковты қабылдаған.

Президентке Air Liquide компаниясының Қазақстандағы жобаларының жүзеге асырылу барысы және алдағы жоспары жөнінде мәлімет берілген.

Франсуа Жаков Қасым-Жомарт Тоқаевқа техникалық газ өндіру саласына маманданған Air Liquide компаниясы бұған дейін Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі 120 миллион еуро болатын бірнеше жобаны жүзеге асырғанын айтты.

Атап айтқанда, "Эр Ликид Мұнай Тех Газы" бірлескен кәсіпорны Атырау мен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарының базасында техникалық газ өндірісін жолға қойып, Атырау облысындағы полипропилен өндіретін KPI.Inc газ-химия кешені үшін сығымдалған ауа мен азот өндіретін қондырғы салған.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Клод Имове
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Клод Имове. Фото: Ақорда

Ал Orano S.A. компаниясы Директорлар кеңеcінің төрағасы Клод Имовен кездесу барысында атом өнеркәсібін дамыту мәселелері талқыланған. Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның Қазақстанда атқарып жатқан жұмысының қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспары таныстырылған.

Клод Имовен KATCO бірлескен кәсіпорны Қазақстанда бір жылда өндірілетін уранның 15 пайызын және әлемдік өндірістің 7 пайызын өндіретінін мәлімдеген.

Мемлекет басшысы Эммануэль Макронмен келіссөз барысында Қазақстан мен Франция арасындағы уран саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын жеткізді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Аlstom компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Анри Пупар-Лафаржды қабылдаған. Кездесу барысында мемлекет басшысына компанияның инвестициялық жобалары туралы мәлімет берілген.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Анри-Пупар Лафарж
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Анри-Пупар Лафарж. Фото: Ақорда

Alstom компаниясы жақын арада жылжымалы құрам мен теміржол инфрақұрылымына арналған электровоздар мен жабдықтар шығару, сервистік қызмет көрсету жобаларын іске асыруға 50 миллион еуро инвестиция салуға ниетті. Астана, Алматы қалаларында, сондай-ақ Жамбыл және Түркістан облыстарында сервистік орталықтар ашу жоспарланып отыр.

Cондай-ақ Анри Пупар-Лафарж компания осы жобаларды жүзеге асыру барысында мыңнан аса жергілікті маманды даярлайтынын жеткізді.

Бұдан кейін президент Total Energies директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Патрик Пуяннемен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Патрик Пуянне
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Патрик Пуянне. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Эмманюэль Макронмен келіссөз барысында Total компаниясына айрықша мән берілгенін атап өтіп, компания еліміздің Франциямен стратегиялық серіктестігінде маңызды рөл атқаратынын жеткізді.

Патрик Пуянне Total Energies компаниясы біздің елімізге 12 млрд доллар инвестиция салғанын айтып, алдағы уақытта да ең ірі инвесторлардың бірі болатынына сенім білдірді.

Қазақстанның энергетика секторындағы ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқылады. Компания қуаты 1 ГВт болатын жел электр станциясын салуға ниетті. Нысан 2026-2027 жылдары Қазақстанның оңтүстік-шығысында пайдалануға беріледі. Жобаның болжамды құны – 1,9 миллиард доллар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1999492-toqaev-franciyadagy-iri-kompaniya-bassylarymen-kezdesti-foto/