"QazaqGaz" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов президентке инвестициялық жобалар туралы айтты
Жарияланған күні:
Санжар Жаркешов "QazaqGaz" ҰК" АҚ ұлттық компаниясының 2022 жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы және компанияның маңызды инвестициялық жобалары туралы президентке есеп берді, деп хабарлайды президенттің Telegram-дағы ресми баспасөз қызметі.
Санжар Жаркешов президентке газ саласындағы реформаларды жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарды да айтты. Сонымен қатар, халықты табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Қашаған кен орнындағы газ өңдеу зауыты құрылысының барысы туралы мәлімет берді.
Жаркешовтың айтуынша, қазақстандықтар 2022-2023 жылдары жылыту маусымында бұрын-соңды болмаған көп мөлшерде газ пайдаланған.
Санжар Жаркешов президентке "QazaqGaz" компаниясы Алматыдағы жылу электр орталығына газ құбырын тарту, Бейнеу – Жаңаөзен газ құбырының екінші желісін салу, Мақат – Солтүстік Кавказ газ құбырын кеңейту және басқа да маңызды инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқанын айтты.
Оған қоса, Ұлттық компанияның ресурс базасын ұлғайту және геологиялық барлау бағдарламасын жүзеге асыру үшін жүргізіп жатқан белсенді жұмысы туралы баяндады.
Шығындарды оңтайландыру нәтижесінде былтыр ұлттық компанияның қарызы 26 пайызға азайғаны белгілі болды.
Президент газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін реформаны жалғастыруды тапсырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2010805-qazaqgaz-uk-aq-basqarma-toragasy-sanzar-zarkesov-prezidentke-investiciyalyq-zobalar-turaly-aitty/