Президент: Біз бауырлас Түркияға одан әрі қолдау көрсетуге дайынбыз
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының "Апат және төтенше жағдайлар менеджменті, гуманитарлық көмек" атты кезектен тыс саммитінде сөз сөйлейді. Бұл туралы Ақорда Telegram арнасында хабарлады.
"Біз бауырлас Түркияға үлкен ауыртпалық әкелген аса жойқын жер сілкінісіне байланысты жиналдық. Мыңдаған бауырымыз қаза тапты. Марқұмдардың туған-туыстарына және бүкіл Түркия халқына тағы да көңіл айтамын.
Алапат зілзаланың зардабын тартқан Түрік елінің қайғысы – барша түркі жұртының қасіреті деп білемін. Қазақта "Қайғыны бөліссең – азаяды" деген сөз бар. Ағайынның басына күн туғанда біздің халқымыз ешқашан қол қусырып отырмайды.
Қазақстан халқы бірден түрік бауырларға қол ұшын созды. Құтқарушыларымыз және дәрігерлеріміз дереу көмекке аттанды. Қажетті құралдармен жабдықталған ең тәжірибелі, білікті мамандарымыз құтқару жұмысына атсалысты. Бауырлас елге гуманитарлық және қаржылай көмек көрсетілді.
Жойқын жер сілкінісі еліміздің азаматтарын да бей-жай қалдырмады. Біздің халқымыз бауырларымыздың басына түскен қиындықты бірге көтеруге атсалысты.
Қазақта "Асар" деген жақсы ұғым бар. Жұрт бірлесіп, мұқтаж жанға көмек қолын созады. Осы мақсатта Қазақстаннан Анадолы еліне көптеген еріктілер келіп, аянбай еңбек етті. Олар – ел басына ауыртпалық түскенде алғы шепте болатын шынайы патриот азаматтар, жаны таза адамдар.
Еріктілерді ортақ іске жұмылдыру аса маңызды. Сондықтан, мен Ұйымымызға мүше елдердің өкілдерін биыл Астанада өтетін Еріктілер форумына шақырамын.
"Жұмыла көтерген жүк жеңіл" дейді халқымыз. Біз бауырлас Түркияға одан әрі қолдау көрсетуге дайынбыз.
Осы орайда, апат аймағында әлеуметтік нысан салып беруге дайын екенімізді айтқым келеді. Бұл бауырлас Түрік халқына шынайы ілтипатымыздың көрінісі болатынына сенімдімін»
Түркі мемлекеттері сын сағатта ауызбіршілік пен жанашырлықтың озық үлгісін көрсетті. Осы бауырмалдығымыз нығая түссін. Әрдайым бір-бірімізге қамқор болып, ынтымағымыз жараса берсін!
Түрік халқы ешқашан қиындыққа мойымаған, керісінше әрбір сынақтан шыңдалып шыққан. Бауырларымыз осы жолы да Сіздің көреген басшылығыңызбен сынақтан сүрінбей өтеді. Мен бұған кәміл сенемін", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2013209-prezident-biz-bauyrlas-turkiyaga-odan-ari-qoldau-korsetuge-daiynbyz/