Ердоған мен Татарстан басшысы Тоқаевты Наурыз мерекесімен құттықтады
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Наурыз мерекесіне орай шет мемлекеттер және халықаралық ұйым басшыларынан құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр, деп хабарлайды Ақорданың Telegram-дағы ресми арнасында.
Ақорданың мәліметінше, Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған өз құттықтауында көктемнің жаршысы Наурыз Орталық Азиядан Балқанға дейінгі алып кеңістікте тойланатын ортақ дәстүр мен молшылық мейрамы екенін атап өткен.
"Осы ортақ дәстүрімізді сақтау және оны кейінгі ұрпаққа жеткізу мақсатында жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінде тойланатын Наурыз мерекесі – достығымыз бен бауырластығымыздың жарқын көрінісі" - деп жазылған Түркия президентінің жеделхатында.
Татарстан Райсы Рустам Минниханов та бауырлас татар халқының атынан жүрекжарды тілегін жолдаған.
"Ежелден келе жатқан әрі ешқашан ескірмейтін, сондай-ақ өзіне тән жаңару рухын, жасампаздық қуаты мен қуанышын ала келетін Наурыз мерекесі қазақ-татар халықтарының дамуына, өзара ынтымақтастығының кеңеюіне жол ашсын деп тілеймін", - делінген жеделхатта.
Соынмен қатар Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Чжан Мин өз құттықтауында Наурыз мерекесінде дәріптелетін татулық, табиғатпен етене жақындық және адамдар арасындағы сыйластық күллі адамзат баласының құндылығы екенін айтқан.
"Наурыз ШЫҰ-ға мүше елдер мен халықтардың мәдени әралуандығын сақтауда және олардың тату көршілік қарым-қатынасын, достығы мен ынтымақтастығын нығайтуда маңызды рөл атқарады. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді атсалысуымен БҰҰ Бас Ассамблеясы Наурыз халықаралық күні туралы қарар қабылдағанын айрықша атап өткім келеді. Бұл осы мейрамның жаһандық деңгейдегі маңыздылығын білдіреді" - деп жазған ұйымның бас хатшысы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысын Наурыз мерекесімен Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Шейх-уль-ислам Аллашүкір Пашазаде құттықтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2014855-erdogan-men-tatarstan-bassysy-toqaevty-nauryz-merekesimen-quttyqtady/