Ерлан Қошанов Тоқаевқа мәжілістің жұмысы туралы баяндады
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады. Бұл туралы Ақорда ресми сайтында хабарлады.
Президент баспасөз қызметінің мәліметінше, Ерлан Қошанов мемлекет басшысына VIII сайланған парламенттің төменгі палатасының қызметі туралы мәлімет берген.
Атап айтқанда, сессия басталғаннан бері мәжіліс депутаттарының қарауында 75 заң жобасы болған. Оның 14-і қабылданып, сенатқа жолданған. Қазіргі уақытта депутаттардың қарауында онлайн-платформалар, заңсыз сатып алынған активтерді қайтару, "Ұлттық қор – балаларға" бастамасын жүзеге асыру, қоғамдық бақылау, Тұрғын үй қатынастарын жетілдіру туралы заң жобалары бар.
Ерлан Қошанов сайлаушылармен жұмыс күшейтілгенін деп атап өткен. Оның айтуынша, азаматтарды қабылдау, комитеттердің салалық және көшпелі отырыстары тұрақты өткізіліп тұрады. Сондай-ақ депутаттар халықтың өзекті мәселелеріне қатысты сауалдарды жиі жолдай бастаған.
Сонымен қатар мәжіліс төрағасы жуырда 2022 жылғы республикалық бюджеттің жұмсалуы туралы үкіметтің және Жоғары аудиторлық палатаның есебіне қатысты қоғамдық тыңдалым өтетінін айтып, президентке аталған шараға дайындық барысы туралы баяндаған.
Кездесу барысында Ерлан Қошанов парламенттік дипломатия аясындағы жұмыстың қорытындылары туралы да мәлім берген.
Бұдан бөлек, Ерлан Қошанов мәжіліс биыл маусым айында Орталық Азия елдері әйелдерінің диалогының бірінші отырысын өткізуге дайындалып жатқанын да айтқан. Бұл шара Қазақстанның төрағалығы аясында БҰҰ қолдауымен ұйымдастырылатын болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2022627-toqaev-mazilis-toragasy-erlan-qosanovty-qabyldady/