Шығыс Қазақстан облысының жаңа әкімі болып Ермек Көшербаев тағайындалды
Жарияланған күні:
Шығыс Қазақстан облысының жаңа әкімі болып Ермек Көшербаев тағайындалды. Тиісті жарлыққа президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды, деп хабарлайды Ақорда ресми сайтында.
"Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермек Беделбайұлы Көшербаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды. Ол Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.
Қазақпарат агенттігінің хабарлауынша, бүгін Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы мәслихаттар депутаттарының облыс әкімін тағайындауға келісім беру жиыны өткен.
ШҚО әкімі лауазымына екі кандидат ұсынылған. Олар – Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Ермек Көшербаев және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов.
Кандидаттарды мәслихаттардың 153 депутатына үкімет басшысы Әлихан Смайылов таныстырған.
Дауыс беру қорытындысы бойынша: Ермек Көшербаевқа – 117, Дархан Сапановқа 36 депутат дауыс берілген.
Айта кетейік, Ермек Көшербаев 1965 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.
С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін, КСРО Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын бітірген.
Еңбек жолын 1988 жылы Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігінде аға инспектор болып бастаған.
1989-1994 жылдар аралығында аталған министрлікте әр түрлі лауазымдарда еңбек еткен.
1994-1996 жылдары Қазақстан президенті аппаратының Халықаралық бөлімінің консультанты, президенттің Протоколдық қызметінің басшысы болған.
1996-1997 жылдары Қазақстанның Швейцария Конфедерациясындағы Елшілігінің бірінші хатшысы, Сыртқы істер министрлігі Көпжақты ынтымақтастық департаментінің бөлім бастығы лауазымдарын атқарған.
1997-1999 жылдары еліміздің премьер-министрінің көмекшісі болған.
2000-2010 жылдары коммерциялық құрылымдарда басшылық қызметтерде жұмыс істеген.
2010-2014 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, бірінші орынбасары болған.
2014-2018 жылдары Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы лауазымдарында қызмет еткен.
2018-2020 жылдар аралығында Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы, Сыртқы істер министрінің орынбасары лауазымдарын атқарған.
2020 жылғы қаңтардан бастап Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі болған.
"Ерен еңбегі үшін" медалімен, "Құрмет" орденімен марапатталған.
Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесі бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2025048-sqo-zana-akimi-bolyp-ermek-koserbaev-tagaiyndaldy/
Жарияланымға реакцияңыз?
Пікірлер жүктелуде