Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаевты қабылдады
Жарияланған күні:
Кездесу барысында Асқар Жұмаділдаев Ұлттық ғылым академиясының соңғы үш айда атқарған жұмыстары туралы баяндап, отандық ғылымды дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
Президент баспасөз қызметінің хабарлауынша, академик қазақ тілін латын графикасына көшіру жөнінде ой-пікірін білдірді.
Мемлекет басшысы ғалымның айтқан барлық ұсыныстары қарастырылатынын және Үкіметке тиісті тапсырма берілетінін айтты.
Президенттің пікірінше, ғылыми-академиялық қоғамдастық елімізде жаратылыстану, инженерлік-технологиялық бағыттағы іргелі ғылыми орталықтардың пайда болуына, зерттеу жұмыстарын жетілдіруге, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты ғылымға негізделген ұсынымдар беруге ұйытқы болуға тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев академик Асқар Жұмаділдаевтың қоғамдағы абырой-беделі зор екенін атап өтіп, оның Ұлттық ғылым академиясындағы жауапты жұмысына табыс тіледі.
Сондай-ақ Асқар Жұмаділдаев мемлекет басшысына отандық ғылымды дамытуға қатысты ұсыныстарын айтты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2033091-toqaev-ulttyq-gylym-akademiyasynyn-vice-prezidenti-asqar-zumadildaevty-qabyldady/