СІМ Ресей бас консулының Қазақстандағы орыс тілі туралы мәлімдемесіне қатысты жауап берді
Жарияланған күні:
Читать на русскомСыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров брифингте Ресей Федерациясы бас консулының Қазақстанда орыс тілінің қолданыс деңгейінің төмендегені туралы сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
БАҚ өкілдері бұған дейін Ресейдің бас консулы Евгений Бобров Қазақстанда орыс тілінің қолданысы төмендегенін, орыстілді мектептер мен сыныптар санының қысқарғанын, бірінші кезекте қазақ тілінде оқитын 1-сынып бағдарламадан "орыс тілі" пәнінің алынып тасталғанын мәлімдегенін атап өтті.
"Мүмкін бұл адам еліміздегі барлық ақпараттан хабарсыз болған шығар. Менде Оқу-ағарту министрлігінен қандай мектептер қай тілде оқытатыны туралы мәліметтер бар. 7711 мемлекеттік мектептің 3957-сі тек қазақ тілінде білім береді. 1203 мектеп орыс тілінде оқытады. Ал 2551 мектепте оқушылар қазақ және орыс тілдерінде білім алады" - деді Айбек Смадияров.
Сондай-ақ, ол еліміздегі мектеп оқушыларын "тек қана қазақ тілінде оқыту" деген пікірге қатысты да ойын айтты.
"Елдегі барлық мектепті тек қана қазақ тілінде оқытуға толық көшіру жоспарда жоқ. Бүгінгі таңда әр азамат баласының қай тілде оқытатынын өзі таңдауға құқылы.
Бұл қызметкер қазір Қазақстанда емес. Ол енді бұл жерде жұмыс істемейді. Ол дипломатиялық миссиясын аяқтады", - деп атап өтті СІМ өкілі.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2034307-sim-resei-bas-konsulynyn-qazaqstandagy-orys-tili-turaly-malimdemesine-qatysty-zauap-berdi/