Бұрынғы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов енді Ақмола облысын басқарады
Жарияланған күні:
Президент жарлығымен Ақмола облысының жаңа әкімі болып Марат Ахметжанов тағайындалды. Бұл туралы Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында хабарлады.
"Мемлекет басшысының жарлығымен Марат Мұратұлы Ахметжанов Ақмола облысының әкімі лауазымына тағайындалды", - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысын 2019 жылдан бері басқарып келген Ермек Маржықпаев Туризм және спорт министрі болып тағайындалған еді.
Ал Марат Ахметжанов 2 қыркүйекте еліміздің Ішкі істер министрі қызметінен босатылған болатын.
Премьер-министрдің ресми сайтындағы мәлімет бойынша, Марат Ахметжанов 1964 жылы Жезқазған облысында дүниеге келген.
Еңбек жолын 1991 жылы Теміртау қаласы прокуратурасында тағылымгер, кейін тергеуші болып бастаған.
1993-1996 жылдары — Бас прокуратура жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі арнайы прокуратураның аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, Бас прокуратураның Аса қауіпті қылмыстарды тергеу басқармасы аймақтық тергеушілер бөлімінің бастығы.
1996-1997 жылдары — Мемлекеттік тергеу комитетінің Аса қауіпті қылмыстарды тергеу басқармасының бөлім бастығы, Мемлекеттік тергеу комитетінің Әскери-тергеу департаменті тергеу басқармасының бастығы.
1997-1998 жылдары — Ішкі істер министрлігінің Әскери-тергеу департаменті тергеу басқармасының бастығы.
1998-2001 жылдары — Тергеу департаменті директорының орынбасары және Әділет министрлігінің Сот қаулыларын орындау комитеті төрағасының орынбасары.
2001-2003 жылдары — Бас прокуратураның Тергеу және анықтау органдарындағы заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы.
2003-2006 жылдары — Павлодар облысының прокуроры.
2006-2009 жылдары — Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры.
2009-2012 жылдары — Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы.
2012-2014 жылдары — Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары.
2014-2016 жылдары — Атырау облысы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы, Атырау облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро департаментінің басшысы.
2016-2021 жылдары — Бас прокурордың орынбасары.
2021-2022 жылдары — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің) төрағасы қызметтерін атқарған.
2022 жылғы 25 ақпанда еліміздің Ішкі істер министрі болып тағайындалды.
2023 жылғы 3 сәуірде президент жарлығымен Ішкі істер министрі болып қайта тағайындалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2035289-buryngy-iski-ister-ministri-aqmola-oblysynyn-akimi-bolyp-tagaiyndaldy/