Ақтау қаласына жаңа әкім тағайындалды
Жарияланған күні:
Ақтау қаласының әкімі болып Ұлықбек Тналиев тағайындалды, деп хабарлайды қала әкімдігі Instagram-дағы ресми парақшасында.
Ведомство мәліметінше, бүгін, 20 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Ақтау қалалық мәслихатының депутаттарына қызметінен өз еркімен кеткен Ақтаудың бұрынғы әкімі Ербол Ізбергеновтің орнына жаңа кандидатты ұсынған.
Президент әкімшілігімен келісілген жаңа кандидат бұған дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ұлықбек Тналиев.
"Қалалық мәслихат депутаттары Тналиевтің кандидатурасын қолдады. Нұрлан Ноғаев Ербол Ізбергеновке атқарған жұмыстары үшін алғысын білдіріп, Ұлықбек Тналиевке Ақтау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді", - деп хабардар етті әкімдіктен.
Ұлықбек Тналиев Атырау мұнай және газ институтының бакалавриатын "Технологиялық машиналар мен жабдықтар" мамандығы бойынша бітірген, "Техника ғылымдары" сондай-ақ "Экономика және бизнес" магистрі академиялық дәрежесіне ие.
Еңбек жолын 2006 жылы азаматтық қоғам және жастар саясаты саласында бастаған.
Әр жылдары Атырау облысы Махамбет ауданы әкімінің орынбасары, Атырау облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары, Атырау қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
2020 жылдан 2022 жылға дейін қоғамдық-саяси жұмыс басқармасының басшысы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі департаментінің директоры, 2022 жылғы маусымнан бүгінгі күнге дейін Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2037404-aqtau-qalasyna-zana-akim-tagaiyndaldy/