"Нағыз еңбекқор жандарды ұлықтауға арналған маңызды мереке": Тоқаев Еңбек күнімен құттықтады
Жарияланған күні:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады, деп хабарлайды Ақорда Telegram-дағы ресми арнасында.
"Құрметті отандастар! Сіздерді Еңбек күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – мемлекетіміздің тұрақты дамуына жасампаз ісімен үлес қосып келе жатқан нағыз еңбекқор жандарды ұлықтауға арналған маңызды мереке. Олар туған елдің жарқын болашағы үшін күн сайын тынбай еңбек етіп, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп жүр.
"Адал азаматқа" тән еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік, білімпаздық және жақсыдан үйрену, жаманнан жирену сынды асыл қасиеттің бәрі шынайы еңбек адамының бойынан табылады. Сондықтан өз ісінің майталмандары қашанда қоғамның назарында болуға тиіс. Ал, жастарымыз соларға қарап бой түзеуі керек.
Халқымыз "Еңбек – адамның көркі, адам – заманның көркі" деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, адал еңбек – бүкіл жетістіктің бастауы, табысқа жетудің кілті. Мемлекет осы басты қағидат барлық жерде салтанат құруы үшін бәрін жасайды.
Мен Әділетті Қазақстанды еңбекқор, адал азаматтар ғана құра алатынына кәміл сенемін.
Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!", - дейді президент.
Егемен Қазақстан басылымының жазуынша, Еңбек күні Қазақстан президентінің жарлығымен 2013 жылғы қарашада жұмысшы мамандықтарына құрмет көрсету дәстүрлерін жаңғырту және ерте жастан еңбектің маңыздылығын түсіну мақсатында бекітілген.
Содан бері қыркүйектің соңғы жексенбісінде елімізде Еңбек күні аталып өтеді.
Бұл күнді мерекелеудің негізгі мақсаты өнімді еңбекті ынталандыру, жастар арасында жұмысшы мамандықтарды насихаттау және президенттің жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру жөніндегі идеясы шеңберінде жұмысшы әулеттерінің көпжылдық дәстүрлерін нығайту болып табылады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2037850-toqaev-enbek-kunimen-quttyqtady/