Шымкенттің Тұран ауданына жаңа әкім тағайындалды
Жарияланған күні:
Шымкенттің Тұран ауданының әкімі болып Берік Әшірбеков тағайындалды, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігі Instagram парақшасында.
"Бүгін сегізінші шақырылымдағы қала мәслихатының кезектен тыс 10-шы сессиясы өтті. Күн тәртібінде "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 10-бабына сәйкес, Тұран ауданының әкімін тағайындау мәселесі қаралды. Мәслихат депутаттары аталған лауазымға Берік Айдарұлы Әшірбековтің кандидатурасын бір ауыздан қолдады", - делінген хабарламада.
Әкімдік мәліметінше, Берік Әшірбеков 1986 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданы, Шолаққорған ауылында дүниеге келген.
Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетін, Қарағанды экономикалық университетін бітірген.
Еңбек жолын 2005 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ аудандық жер кадастр бюросының технигі, жерге орналастырушысы болып бастаған.
Әр жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Созақ аудандық жер кадастры филиалының директорының міндетін атқарушы, сондай-ақ СҚО, Астана, Петропавл қалаларының жер кадастры бойынша ғылыми өндірістік орталығында басшылық қызметтер атқарған.
Сонымен қатар Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары, Шымкент қаласының жер қатынастары басқармасының басшысы, Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары, басшысы, "TURKISTAN" арнайы экономикалық аймағының Басқарушы компаниясы" акционерлік қоғамының басқарма төрағасы болған.
Биыл қазанның 27-нен бастап бүгінге дейін Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының басшысы лауазымын атқарған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2049032-symkenttin-turan-audanyna-zana-akim-tagaiyndaldy/