Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тоқаев адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарына қол қойды

Жарияланған күні:

Қасым-Жомарт Тоқаев
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент қол қойған қаулы мәтіні Ақорда сайтында жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

"Адам құқықтары мен заң үстемдігін қорғау жүйесін одан әрі дамыту мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

Қоса беріліп отырған Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары (бұдан әрі – Іс-қимыл жоспары) бекітілсін", - делінген қаулыда.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметі іс-қимыл жоспарын іске асыру бойынша қажетті шараларды қабылдануы керегі айтылған.

Қаулы бойынша, жартыжылдық негізде 15 шілдеге және 5 қаңтарға дейін Президент әкімшілігіне іс-қимыл жоспарының орындалу барысы туралы ақпарат ұсынылуы керек.

Президент бұл қаулыны Х желісінде түсіндірді.

"Дүниежүзілік адам құқықтары күніне орай "Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспары туралы" Жарлыққа қол қойдым. Жоспарда гендерлік теңдікті күшейтуге, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күреске, қылмыстық сот төрелігі саласында азаматтарды қорғауға, азаптау мен қатыгездіктің алдын алуға бағытталған бірқатар шара қамтылған.

Бірлесу бостандығы құқығы мен еңбек құқығын, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жолдары қарастырылған. Құжат адам құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесін нығайтады. Жоспарды жүзеге асыру шеңберінде тиісті заңдар қабылданады", - деп жазды Тоқаев.

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Х желісіндегі жазбасы
ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Х желісіндегі жазбасы: © X желісі

Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Адам құқықтары мен заң үстемдігі саласындағы іс-қимыл жоспарында мынадай міндеттер бар:

  • Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық саласындағы қылмыстық заңнаманы қатаңдату;
  • ІІМ-де қызметкер әйелдерді барынша көбірек тарта отырып, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөніндегі мамандандырылған бөлімшені құру;
  • Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдердің мәртебесін заңнамалық тұрғыдан бекіту және олардың күш-жігерін ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен біріктіру;
  • Әйелдерге, қыздарға және басқа да осал топтарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға байланысты профилактикалық іс-шараларға тарту мақсатында отбасын қолдау орталықтарының әлеуетін нығайту;
  • Бейбіт жиналыстар өткізуге байланысты орталық және жергілікті атқарушы органдардың ведомствоаралық өзара іс-қимылын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
  • Азаматтардың жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату және жазаның өтелмеген бөлігін жазаның неғұрлым жеңіл түрімен ауыстыру туралы өтініштерін қарау бойынша функцияларды алқабилер қатысатын сотқа беру жөніндегі пилоттық жобаны әзірлеу және енгізу;
  • "Шахталардағы еңбек қауіпсіздігі және гигиенасы туралы" Халықаралық еңбек ұйымының № 176 конвенциясын ратификациялау туралы ұсынысты қарау;
  • "Диалогты полиция" моделін енгізу арқылы бейбіт жиналыстар кезінде мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы сындарлы және инклюзивті өзара іс-қимыл мақсатында құқық қорғау органдары мен арнаулы органдардың, жергілікті өкілді және атқарушы органдардың қызметкерлерін оқыту.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2049963-toqaev-adam-quqyqtary-men-zan-ustemdigi-salasyndagy-is-qimyl-zosparyna-qol-qoidy/