Депутат Сайыров: Жауапты министрлер жылы кабинетінен шығып, жылу орталықтарының басы-қасында жүруі керек
Жарияланған күні:
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров бүгінгі мәжіліс отырысында қақаған аязда істен шығып жатқан жылу орталықтары мәселесін көтерді. Ол жауапты тұлғаларды жылы кабинеттен шығып, халықтың ортасына баруға шақырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Ол өзінің депутаттық сауалында жауапты органдарда бірқатар ұсыныс айтты.
"Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкімет алдында еліміздің тұрғындарын жылумен тұрақты қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар қоюда. Дегенмен бірінші аяз түсуімен еліміздің коммуналдық инфрақұрылымының сыр бере бастауы дәстүрге айналып отыр. Рас, республика бойынша тозығы жеткен жылу орталықтары мен инфрақұрылым 80 проценттен асып кетті. Ал, олардың көбін біз 50 жылдан астам уақыт пайдаланып келеміз. Бұл қауіпті жағдай.
Былтырғы, Екібастұз, Риддер, Балхаш, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау, Петропавл қалаларындағы апаттар қордаланған мәселелердің айқын көрінісі.
Бұл тізімге Сарань қаласы қосылды.
Техногендік қауіп-қатердің географиясы геометириялық прогрессиямен өсіп барады.
Соған қарамастан, біз жылына бұл салада тек 5-7 процентке ғана жаңарып отырмыз. Бұл тіпті, елдегі ескіру үрдісінің орнын толтырмайды. Олай жалғаса берсе, жылу энергетикасындағы коллапс орнауы бек мүмкін.
Шіріген труба, ескірген қазандық, «кеңестік заманнан қалған» насостарды ауыстыратын уақыт өтіп кеткенін бәріміз білеміз.
Өткен жылы жылу саласындағы инфрақұрылымның тозуын азайту мақсатында арнайы 160 миллиард қаржы бөлінсе де, шықырлаған аязға төтеп бере алар емеспіз.
Жыл басында Парламентте Жоғарғы аудиторлық палатасының «Жылумен жабдықтау саласы» бойынша қорытынды есебінде 100-ден аса нақты ұсыныстар мен жүйелі сындар айтылды. Ұсыныс ретінде берілді.
Бірақ, Үкіметтен сол ұсыныстар бойынша не жауап, не атқарылған істі біз көрмедік.
Осылай тізіп кете беруге болады. Сондықтан бұл саладағы менеджмент пен бақылауды маңызды!
Өткен жылы Amanat партиясы өкілдері Екібастұз халқына мыңдаған үй жылытқыш пен жылы көрпе тасып, халықты жылытқанын білесіздер. Биыл осындай жағдайды қайталатуға Үкіметтің еш хақысы жоқ.
Олигархтар протекцияны пайдаланып, өздері пайдаға кенеліп, шығынды мемлекет пен халыққа ысырып тастаудың дәстүрін жалғастыру әрекеттерін қойған жоқ!
Осыған балта шабу керек!
Осы орайда алдағы 3 ай қыс уақытына:
- Жауапты министрлер жылы кабинеттерінен шығып, барлық жиналысын қысқартып, жылу орталықтарының басы-қасында осы аязды күндері жүруі керек.
- Министрлер, қиын-қыстау кезеңде кабинеттен шығып, халық арасында болыңыздар!
- 2022-2023 жылдары Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бөлінген қаражаттардың есебіне қатаң анализ жасалуы тиіс. Бұл саладағы әрбір жемқор қатаң жазалануы тиіс!
- Осы күндері өңірлердегі оперативті штабтардың жұмысын "екі еселенген 24/7 режиміне" көшіру қажет.
- Әкімдіктер мен Үкімет осы саладағы өңірлік қауіпті зоналар бойынша "Тәуекелдер картасын" даярлап, олар бойынша нақты мақсаттық алгоритм жоспарын даярлап қоюы тиіс!", - деді ол.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2050603-deputat-saiyrov-zauapty-ministrler-zyly-kabinetinen-sygyp-zylu-ortalyqtarynyn-basy-qasynda-zurui-kerek/