Айбек Смадияров Сыртқы істер министрлігінің 2023 жылғы жұмысы туралы есеп берді
Жарияланған күні:
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 25 желтоқсанда өткен брифингте Қазақстанның сыртқы саясаты туралы сөз қозғады.
"Қазақстан Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше мән береді. Биыл біздің қарым-қатынасымыз түбегейлі жаңа деңгейге көтерілді.
Осы жылы Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Қазақстанға мемлекеттік және жұмыс сапарлары өтті. ҚР мен ТР арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай Одақтастық қатынастар туралы декларацияға қол қойылып, Қазақстанның үш ірі қаласында (Астана, Алматы және Шымкент) ауқымы бойынша бұрын-соңды болмаған Тәжікстанның мәдениет күндері өткізілді.
Өзбекстанмен одақтастық қатынастар тереңдей түсуде. Наурыз айында ӨР Президенті Шавкат Мирзиеевтің Шымкентке жұмыс сапары өтті. ҚР Парламенті Мәжілісі Төрағасының Ташкентке ресми сапары аясында екі елдің Парламентаралық кеңесінің 1-ші отырысы өтті. Биылғы жылы Қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы шарт күшіне енді, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.
Түрікменстанмен, әсіресе сауда, көлік, энергетика, білім беру және мәдениет салаларындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі кеңейтуге деген өзара көзқарас расталды.
Қырғызстанмен достық және одақтастық қатынастары мызғымас күйінде қалып отыр. Биылғы жылы Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Астана халықаралық форумына қатысты, оның алаңында Индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және оның қызметін реттеу туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы 1-ші Өңіраралық ынтымақтастық форумы үкімет басшыларының қатысуымен Таразда өтті.
Оң үрдістерді бекіту мақсатында ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Өзбекстан мен Түрікменстанға алғашқы ресми сапарларын жасады, Тәжікстандағы Орталық Азия елдерінің сыртқы саяси ведомстволары басшыларының кеңесіне қатысты.
Бірлескен күш-жігердің арқасында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінің форматы шеңберінде бесжақты ынтымақтастық нығая түсуде, ал осындағы төрағалық Қазақстанға өткен болатын. Ақпан айында Түркістанда Орталық Азияның алғашқы парламентаралық форумы өтті.
Орталық Азия бестігінің халықаралық процестердегі стратегиялық рөлі артып келеді. ҚХР, АҚШ, Еуроодақ, ГФР, Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесімен (ПШАМЫК) «ОА+» форматындағы аса жоғары деңгейінде маңызды іс-шаралар, сондай-ақ РФ, АҚШ, ЕҚЫҰ, Үндістан және Оңтүстік Кореямен министрлік кездесулер өтті.
Мемлекет басшылары деңгейінде «ОА-ЕО» өңіраралық әріптестігін институциялау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Алғаш рет Орталық Азия елдері мен Еуроодақтың барлық 27 мүше елінің сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтті.
Құрметті әріптестер! Қазақстан бүкіл әлем бойынша негізгі серіктестермен ең тығыз және өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту бағытын жалғастыруда.
Прагматикалық тұрғыдан сыртқы саясаттың түркі векторы іске асырылуда. Қазақстан, Түркия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының мазмұнды байланыстары қарым-қатынастарды кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне шығаруға және Түркі мемлекеттері ұйымын нығайтуға мүмкіндік берді. Астанада «ТURKTIME!» ұранымен өткен 10-шы саммиттегі біздің төрағалығымыз түркі әлемінде ғана емес, бүкіл әлемде кең резонанс тудырды.
Президентіміздің Еуропаның жетекші елдерінің басшыларымен және ЕО-ның жоғары лауазымды тұлғаларымен байланыстары еуропалық серіктестермен қарым-қатынасқа жаңа серпін беріп, оларды сапалы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік берді.
ГФР, Франция президенттерінің, Мажарстан және Чехия премьер-министрлерінің, Албания президентінің, Ұлыбритания, Италия, Люксембург және Швейцария сыртқы істер министрлерінің ҚР-ға сапарлары ерекше болды.
Жалпы, Еуропа үшін Қазақстан барған сайын маңызды сауда-экономикалық әріптеске және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі кепілгерлердің біріне айналуда.
Біздің мемлекетіміздің тарихында тұңғыш рет ҚР Сыртқы істер министрінің Румынияға, Сербияға және Солтүстік Македонияға ресми сапарлары өтті. Ол сондай-ақ Бельгияға, Мажарстанға, Люксембургке барып, халықаралық алаңдарда Эстония, Польша, Чехия және Албаниядағы әріптестерімен кездесті.
Қазақстан Ресеймен прагматикалық көпжақты ынтымақтастықты дамытуды жалғастыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге сапары және РФ Президенті Владимир Путиннің Астанаға сапары барысында келіссөздер нәтижелі болды, бұл ретте Қостанайда өткен Өңіраралық форум сауда-экономикалық ынтымақтастыққа маңызды серпін берді.
Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Ресейге ресми сапары барысында Сыртқы саяси ведомстволар арасындағы ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Қазақстан-Ресей бірлескен демаркациялық комиссиясының 10-шы отырысы өткізілді.
Қазақстан СІМ басшысының Беларуське ресми сапары кезінде қазақ-беларус қатынастарының стратегиялық деңгейі расталды.
Оңтүстік Кавказ елдерімен өзара іс-қимыл теңгерімін қамтамасыз ету мақсатында Әзербайжан және Армения сыртқы істер министрлерімен кездесулер өткізілді.
Қытаймен «мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестік» дәйекті түрде нығайтылуда. ҚР Президентінің ҚХР-ға мемлекеттік сапары, «Бір белдеу, бір жол» үшінші форумына қатысу, ҚХР басшылығымен тұрақты байланыстар Бейжіңмен ынтымақтастықтың жаңа көкжиегін ашты.
Дипломаттардың қолдауымен алғаш рет ҚР мен ҚХР өңірлері, әсіресе Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданымен (ШУАР) неғұрлым қарқынды ынтымақтастық белгіленді. Екі мемлекеттің азаматтары үшін визасыз режим туралы уағдаластықтарға қол жеткізілді, Сиань қаласында ҚР Бас консулдығы ашылды. Пандемияға байланысты үш жылдық үзілістен кейін шекара сызығын бірлесіп тексеру бойынша келіссөздер қайта басталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ Президенті Джо Байденмен сенімді келіссөздері және ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкенмен диалогы стратегиялық әріптестіктің жаңа мазмұнды тұстарын белгілеуге мүмкіндік берді. Жоғары деңгейдегі өзара түсіністіктің арқасында Астанада кеңейтілген стратегиялық әріптестік жөніндегі комиссияның отырысы нәтижелі өтті.
Қазақстан Президентінің БАӘ, Сауд Арабиясы, Вьетнам басшыларымен сапарлары мен келіссөздері, сондай-ақ Сингапур Президенті, Катар Әмірі және Того Президентінің Астанаға сапарлары Жаһандық Оңтүстік елдерінде Қазақстанның мүдделерін ілгерілетуге ықпал етті.
Қазақстанның «Жаһандық Оңтүстік дауысы» виртуалды саммитіне қатысуы және Президентіміздің айтылған месседждері Жаһандық Оңтүстік мемлекеттерінің көшбасшыларының оң пікірлерін тудырды.
ҚР Сыртқы істер министрі Үндістанға жасаған сапары барысында Қазақстанның сауда, инвестициялар, көлік және транзит саласындағы ұзақ мерзімді өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделілігін әріптестеріне жеткізді.
Сондай-ақ ҚР СІМ басшысының Сауд Арабиясына жақында жасаған сапарының қорытындысы бойынша осы елмен сауда-экономикалық және инвестициялық қатынастарда белгілі бір серпіліс күтеміз.
Оңтүстік Кореяның Сыртқы істер министрімен келіссөздер барысында өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары талқыланып, сыртқы саяси ведомстволар арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Көпжақты форматтағы маңызды оқиға ретінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-ші сессиясының жұмысына қатысуы және БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерришпен, Мажарстан, Эстония, Финляндия, Иран, Словения, Оңтүстік Корея, Кения, Моңғолия, Португалия, Черногория, Румыния көшбасшыларымен, сондай-ақ әлемнің ірі компанияларының басшыларымен кездесуі болды.
Ағымдағы жылдың қараша айында Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қатысушы мемлекеттердің екінші конференциясына қатысты. Іс-шара аясында ол БҰҰ Бас хатшысымен келіссөздер жүргізді. Форум қорытындысы бойынша БҰҰ жанындағы ҚР Тұрақты өкілі Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарты үшінші конференциясының төрағасы болып сайланды.
Оның қорытындысы бойынша Қазақстан Кирибатимен бірлесіп ұсынған «Ядролық қару мұрасын шешу: ядролық қарудың қолданудан немесе сынақтан зардап шеккен мемлекеттерге зардап шеккендерге көмек көрсету және қоршаған ортаны қалпына келтіру» қарарын 171 мемлекет қолдады.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың 15 желтоқсанында ҚР бастамасымен Семей өңірінің халқын оңалту, қоршаған ортаны қалпына келтіру және экономикалық даму мақсатында халықаралық ынтымақтастық және қызметті үйлестіру туралы қарарды БҰҰ Бас Ассамблеясы бірауыздан 11-ші рет қабылдады.
Бұдан басқа ҚР сыртқы саяси ведомствосының басшысы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің шақыруымен «Синтетикалық есірткіге қарсы күрес жөніндегі жаһандық коалицияның» 1-ші отырысына қатысты, оның шеңберінде Қазақстан оны құруды қолдады, бұл АҚШ-тан техникалық көмекті ұлғайтуға мүмкіндік береді.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің Қазақстанның бастамасымен 126 мемлекет қолдаған «Әрбір бала үшін бейбітшілік пен толеранттылық үшін сапалы білім беруді қамтамасыз ету» қарарын бірауыздан қабылдауы үлкен жетістік болды. Әлемдік қоғамдастық еліміздің жанжал аймақтарындағы балаларды репатриациялау және реинтеграциялау тәжірибесін жоғары бағалады. Бұл БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінде Орталық Азия елдерінің алғашқы қарары болды. Сондай-ақ ҚР бастамасымен тұрақты даму мақсатында 2026 жылды Халықаралық еріктілер жылы деп жариялау туралы қарар қабылданды.
Тағы бір маңызды нәтиже Қазақстанның ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра комитетіне төрт жылдық мерзімге сайлануы болды. Сонымен қатар біздің күш-жігерімізбен ЮНЕСКО-ның 2024-2025 жылдарға арналған атаулы күндер күнтізбесіне Нұрғиса Тілендиев пен Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуы енгізілді. Сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне Алтын Емел және Барсакелмес табиғи қорықтары енгізілген. СІМ қолдауымен тарихта тұңғыш рет ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтарының дүниежүзілік федерациясының президенті болып Қазақстан өкілі сайланды.
Осы жылдың шілде айынан бастап біздің еліміз Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Қазақстан Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесте 2024 жылға дейін төрағалық етуді жалғастыруда.
ЕҚЫҰ-ның проблемалық мәселелерін шешуде ҚР рөлі артып келеді. Қазақстандық дипломатияның белсенді әрекеттерінің арқасында ЕҚЫҰ СІМК барысында Скопьеде ұйымның төрт негізгі институттары басшыларының мандаттарын ұзарту туралы консенсусқа қол жеткізілді. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы – Солтүстік Македония Сыртқы істер министрі Буяр Османидің, ЕҚЫҰ Бас хатшысы Хельга Шмидтің, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Президенті Маргарета Седерфельттің ҚР-ға сапарлары барысында мазмұнды пікір алмасу өтті.
Қазақстан Президентінің Дубайда БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының 28-ші конференциясы (СОР28) шеңберінде Дүниежүзілік климаттық саммитте сөйлеген сөзі маңызды болды, Мемлекет басшымыздың айтылған бастамалары әлемдік көшбасшылар тарапынан оң пікірлер тудырды. Айта кету керек, Қазақстан СОР-қа алғаш рет мемлекет басшысы деңгейінде қатысты.
Біздің дипломатиямыздың жетістігі ретінде Франциямен Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының келесі сессиясында «One Water Summit» іс-шараны бірлесіп ұйымдастыру туралы уағдаластықты да атауға болады.
Ағымдағы жылдың 25-26 мамырында Алматыда ИЫҰ-15 диалог платформасының бірінші министрлік кездесуі өтті. СІМ ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп қазақстандық жоғары оқу орындарында ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің студенттерін оқыту үшін 100 грант бөлу мәселесін пысықтады.
Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы Бас Ассамблеясының 6-сессиясының қорытындысы бойынша Катарда Ұйым Хатшылығының Бас директоры болып ҚР өкілі Асқар Мусинов сайланды.
Сондай-ақ Қазақстанның Сыртқы істер министрі Шуша қаласында (Әзербайжан) өткен Экономикалық ынтымақтастық ұйымы СІМК отырысына қатысты, оның шеңберінде ҚР үшін Ұйым мүшелерімен ынтымақтастықтың басым бағыттары белгіленді.
Сондай-ақ, Бакуде БҰҰ-ның Орталық Азия экономикаларына арналған арнайы бағдарламасына (СПЕКА) қатысушы елдер басшыларының бірінші саммитінде Қазақстан Президентінің сөз сөйлеуі маңызды болды.
Форумға қатысушылар ҚР-да кезекті саммит өткізу, ұйымды одан әрі институттандыру және географиялық кеңейту туралы ұсынысты оң қабылдады.
Ар-Рияд қаласына (Сауд Арабиясы) сапары аясында ҚР СІМ басшысы Мұрат Нұртілеу Араб мемлекеттері лигасының (ЛАГ) және Палестина бойынша ИЫҰ бірлескен төтенше саммитіне қатысты, оның шеңберінде ҚР-дың айтылған ұстанымдарын халықаралық қауымдастық оң қабылдады.
Ағымдағы жылы Министр Мұрат Нұртілеу ҰҚШҰ, ТМД, ТМҰ СІМ отырыстарына, Каспий маңы мемлекеттерінің саммитіне және Мажарстан мен Еуроодақпен үкіметаралық комиссиялардың жұмысына қатысты.
Қазақстанның берік ұстанымының арқасында ТМД, ЕАЭО, ҰҚШҰ институттарының санкциялық және блоктық қарсыласуға тартылуына жол берілмеді. Осы құрылымдардың іс-шараларына қатысу ҚР ұлттық мүдделерін сақтай отырып, Еуразиялық кеңістікте интеграцияны дамыту үшін бірлескен бағдарларды әзірлеуге ықпал етті.
Экономикалық күн тәртібін іске асыруда және шетелдік инвестицияларды тартуда нәтижелі жыл болды. Мәселен, тек Қытай бағытында ҚР Президентінің мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 16,54 млрд АҚШ долларына 30 құжатқа қол қойылды, бұл ретте 21 млрд. АҚШ долларына 52 бірлескен жобаны іске асыру жалғасуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БАӘ-ге сапары аясында жалпы сомасы 4,7 млрд АҚШ долларын құрайтын 10 инвестициялық келісімге қол қойылды.
Жыл бойы СІМ Қазақстан Президентінің АҚШ, Германия, Франция, Катар, САК және басқа елдердің жетекші трансұлттық компанияларының басшыларымен келіссөздерін пысықтады.
Еуразия құрлығының орталығында орналасқанын ескере отырып, біз елдің транзиттік-логистикалық әлеуетін нығайтамыз. Қазақстан экономикасында халықаралық қызметтердің тұтас саласы – логистика қалыптасты.
Біз үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытын немесе Орта дәлізді (ТХКБ – Орта дәліз) одан әрі дамыту түйінді мәнге ие.
Қазақстан бір жағынан Қытай мен Еуропа, Иран, екінші жағынан Орталық Азия елдері арасындағы контейнерлік теміржол транзитінің сенімді буыны ретінде өзін дәлелдеді.
Дипломаттар Транскаспий халықаралық көлік бағыты мен «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолын одан әрі ілгерілету үшін мақсатты жұмыс жүргізді, ол бойынша келешекте тасымалдардың бес есе ұлғаюы күтілуде.
Құрметті әріптестер! ҚР Сыртқы істер министрлігінің күнделікті қызметінде дәстүрлі түрде экономикалық дипломатияға және шетелдік инвестицияларды тартуға ерекше назар аударылады.
СІМ және біздің шетелдегі елшіліктер отандық өнімді шетелдік нарықтарда ілгерілетуге жәрдемдесу, экспорт-импорттың өзара тиімді процесі шеңберінде жаңа әріптестіктің сенімді іскерлік байланыстарын орнатуда, ҚР-ға шетелдік инвестицияларды тарту бойынша жұмыс жүргізуде.
2023 жылдың I-жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанға ТШИ (тікелей шетелдік инвестициялар) жалпы ағыны 13,3 млрд. АҚШ долларын құрады.
ҚР-дағы ТШИ көлемі бойынша 2023 жылдың I-жартыжылдығында көшбасшы болған елдер: Нидерланд – 3 млрд доллар, АҚШ – 1,9 млрд доллар, Швейцария – 1,7 млрд доллар, Ресей – 1,1 млрд доллар, Қытай – 748,3 млн доллар, Оңтүстік Корея – 717 млн доллар, Бельгия – 585,3 млн доллар, Франция – 458,4 млн доллар, БАӘ – 408,7 миллион доллар, Люксембург – 238,5 миллион доллар.
Салалар бөлінісінде ТШИ-дің ең көп көлемі тау-кен өнеркәсібіне тартылды – 5,6 млрд доллар, өңдеу өнеркәсібіне – 2,9 млрд доллар, көтерме және бөлшек саудаға – 2,5 млрд доллар, қаржы және сақтандыру қызметіне – 488,2 млн доллар, көлік және қоймаға – 577,8 млн доллар, құрылысқа – 189,8 млн доллар, кәсіптік, ғылыми және техникалық қызметке – 159,6 млн доллар, жылжымайтын мүлікпен операцияларға – 234,3 млн доллар және т.б.
2023 жылдың I-жартыжылдығының қорытындысы бойынша ТШИ таза ағыны 4,1 млрд АҚШ долларын құрады, бұл 2022 жылғы I-жартыжылдыққа қарағанда 86,6%-ға артық (2,2 млрд).
Инвестицияларды тартудың 3 деңгейлі жүйесі шеңберінде желтоқсан айындағы жағдай бойынша біздің елшіліктер шетелдік компаниялармен 3 мыңнан астам кездесу өткізіп, олардың Қазақстанға 1400-ден астам сапарын қамтамасыз етті.
Экономиканың түрлі салаларында ұсынылған инвестициялық жобалардың жалпы ұлттық пулымен жұмыс жалғасуда.
2023 жылғы 14 желтоқсандағы жағдай бойынша жалпы инвестиция көлемі 696 млрд теңге болатын 67 инвестициялық келісімшарт жасалды, инвестициялық преференциялар беруге 450-ден астам өтінім қаралды.
ERG тобының кәсіпорындарымен инвестициялық міндеттемелер туралы 6 келісім жасалды.
Әлемнің 38 елінен (Германия - 70, АҚШ - 64, Швейцария - 37, Жапония - 26 және т.б.) 422 ірі компаниялардың тізімі құрылды. Бүгінгі таңда 78 компания бойынша нақты нәтижелер бар.
Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылдың 17 қарашасында Астанада 1000-нан астам делегаттардың, жетекші халықаралық компаниялар мен отандық бизнес өкілдерінің, инвесторлар мен сарапшылардың қатысуымен «Kazakhstan Global Investment Roundtable 2023» атты ірі халықаралық инвестициялық іс-шара өтті. Форум аясында 60-тан астам кездесу өткізіліп, жалпы сомасы шамамен 1,8 млрд АҚШ долларын құрайтын 28 құжатқа қол қойылды.
Жыл басынан бері «Kazakh Invest» ҰК» АҚ шетелдік әріптестермен бірлесіп 23 ірі инвестициялық іс-шара өткізді.
Құрметті әріптестер! Қазіргі әлем халықаралық жағдайдың күрделі шиеленісуінің қауіпті кезеңін бастан кешуде, онда түйінді жаһандық мәселелерді шешудің қарама-қайшылықты тәсілдері мен санкциялық қысым әдістері алдыңғы қатарға шықты.
Біздің брифингімізді қорытындылай келе, Қазақстан бұдан былай да БҰҰ Жарғысын, халықаралық құқықты және халықаралық қатынастардағы теңдік пен демократия қағидаттарын ұдайы сақтауды жақтайтынын атап өткім келеді.
Мемлекет басшысы айтқандай, халықаралық турбуленттілік жағдайында Қазақстан теңгерімді, көпвекторлы және сындарлы сыртқы саясатты ұстанады.
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қызметіне назар аударғаны және кәсіби жария етілуіне жәрдемдескені үшін алғыс айтамыз!
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, баршаңызды келе жатқан Жаңа жылмен құттықтап, Сіздерге зор денсаулық, амандық және табыс тілейміз!", - деді Айбек Смадияров.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2052603-aibek-smadiyarov-syrtqy-ister-ministrliginin-2023-zylgy-zumysy-turaly-esep-berdi/