Тоқаев өзіне хат жолдаған балаларға арнайы сыйлықтар жіберді
Жарияланған күні:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жаңа жыл қарсаңында өзіне жазған балалардың хатына жауап берді, деп хабарлайды Ақорда.
Ақорда дәстүр бойынша Жаңа жыл қарсаңында еліміздің барлық аймағында "Тілектер шыршасы" орнатылатынын атап өтті. Сол жерге балалар өз тілектерін жазып қалдырады.
"Биыл аталған жоба аясында мемлекет басшысының атына Қазақстанның түкпір-түкпірінен көптеген хат келіп түсті, соның ішінде көп балалы отбасынан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, мүмкіндігі шектеулі және жетім балалардан 100-ден астам тілек жолданды", - делінген хабарламада.
Бүлдіршіндер өз хаттарында велосипед, домбыра, компьютер, жазғы лагерьге жолдама және басқа да заттарды сыйлыққа алуды, тіпті Астанаға келіп, "Ақорда" резиденциясын аралап көруді сұраған.
Балалардың хаттарына жауап берген президент оларды Жаңа жылмен құттықтады. Сондай-ақ бұл ертегідей ерекше мереке екенін атап өтіп, бүлдіршіндерге өз атынан арнайы сыйлықтар жіберген.
Мемлекет басшысы балаларды білімге құштар болуға, кітап оқуға, спортпен шұғылдануға, табиғатты аялауға және жақсылық жасауға шақырды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/2053332-toqaev-ozine-xat-zoldagan-balalarga-arnaiy-syilyqtar-ziberdi/